Айыппұл төлеу: әлем елдерінде заң бұзғандар қалай жазаланады?
Тәртіпке бағынған құл болмайды.
Десе де мұны ұмытып жататын жандар жиі кездеседі. Ал олармен күресу үшін әр ел өзіне сай заңдық нормаларды, құқықтық ережелерді қабылдап, тәртіп бұзушылықты тежеуге барынша күш салып келеді.
Сингапур – бүкіл әлемге тазалық пен қылмыстың өте төмен деңгейімен танымал қала. Себебі бұл елде тәртіпті бұзған, табиғатты ластаған адамға бірден айыппұл салынады. Мәселен, көшеде қоқысты тастау, қоғамдық көлікте тамақтану немесе алкогольді ішімдік ішудің өзі мыңдаған доллар айыппұлға әкелуі мүмкін. Сағыз шайнауға және оны сатуға рұқсат жоқ. Тіпті даладағы құсты тамақтандыруға да тыйым салынған. Ережені елемегендер бірден әкімшілік жауапқа тартылады. Сондықтан да Сингапурді көбіне «fine city» деп те атайды. Ол қазақ тілінде айыппұлдар қаласы деген мағына білдіреді.
Францияда қашқын ата-аналар 15 мың еуро көлемінде айыппұл төлейді. Тіпті 2 жылға бас бостандығынан айырылу мүмкін. Ел заңына сәйкес алимент төлеуші адамның тұрғылықты мекенжайы немесе қаржылық жағдайы өзгерсе, бірден тиісті органдарға хабар беруі тиіс. Әйтпесе 6 айға дейін темір торға қамалып, 7,5 мың еуро айыппұл арқалайды. Бірақ заңның қатаңдығына қарамастан Францияда алименттің 30-40%-і уақытылы төленбейді.
Ал Түркияда ажырасқан еркек бұрынғы әйелі қайта тұрмыс құрғанша алимент төлеуге міндетті. Заңға бағынбағандар 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Абақтыдан мерзімінен бұрын босау үшін алдымен алиментті толық төлеуі қажет. Жалпы алимент балаға ғана емес, анаға да төленеді. Сондықтан ер адамдар бірінші баласы мен әйелінің жағдайын жасауды ойлайды. Сол үшін де ерлі-зайыптылардың ажырасуы аз кездеседі.
АҚШ-та жылдамдықты асырғаны үшін азаматтар 1000-2500 доллар көлемінде айып төлейді. Оның мөлшері жол ережесінің қай штатта бұзылғаны байланысты. Ішімдік ішіп, рөлге отырғандар үшін де әр өңірдің дербес заңдары бар. Оның ең қаталы Иллинойс штатында. Өмір бойына жүргізушілік куәлігінен айыру, 3 жыл түрмеге тоғыту және 25 000 доллар айып төлету қарастырылған.
Қытайда оқушылар да айыппұл арқалауы мүмкін. Мұндай жаза сабаққа кешігіп келетіндерге, үй тапсырмасын орындамайтындар мен мектеп ережесін сақтамайтындарға қолданылады. Мұндағы мақсат – балалардың оқу үлгерімін жақсартып, темірдей тәртіп қалыптастыру. Десе де бұл әдіс-тәсіл қоғам тарапынан жиі сынға ұшырайды. Тұрғындардың айтуынша, оқушыларға шамадан тыс қысым көрсету күйзеліске ұшыратып, мотивацияның төмендеуіне әкелуі мүмкін.