Олимпиада жарыстарында Қытай алда келеді
Қазір күллі әлем назары Париждегі жазғы Олимпиада ойындарында болып отыр.
Дода дүбірі әр сәт сайын қыза түсуде. Әзірге Қытай қанжығасына 5 алтын байлап, көш басында келеді. Оңтүстік Корея мен Жапония екінші орынға таласып, бақ сынауда. Қос елдің қоржынындағы медаль саны да бірдей. Ал Ұлыбритания ел тарихында әйелдер арасында суға секіруден алғаш рет қола медаль иеленіп, рекорд орнатты.
Париж жазғы олимпиадасында Қытай спортшысы Шэн Лихао мен Хуан Юйтин пневматикалық қарумен 10 метрден оқ атудың топтық сайысында озық шығып, алтын медальды қанжығасына байлады. Артынша, Хуан Юйтин дәл осы спорт түрінен жалғыз бақ сынап, тағы да алтын еншіледі. Осылайша ол олимпиада ойындарында қос алтын алған спортшы ретінде тарихта қалды. Аспан асты елінің сайып қырандары әлем бойынша көш басында келеді. Қазір Қытайдың қоржынында 5 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль бар.
Оңтүстік Кореяның қоржынында 7 медаль бар
Франция, Париж
Оңтүстік Кореялық спортшы Бан Хеджин пневматикалық қарумен 10 метрден нысананы көздеу бойынша алтын медальді иеленді. Осылайша 16 жастағы жеткіншек бұл спорт түрінен ел тарихында алғашқы алтынды қоржынға байлап, рекорд орнатты. Ал жазғы олимпиада ойындарында Корея Республикасының құрамасы жеңіп алған 100-ші алтын ретінде тарихқа есімі жазылды. Қазір бұл елдің спортшылары бас-аяғы 7 медаль жеңіп алып, әлем бойынша 2 орында келеді.
Жапония үздік үштік құрамына кірді
Франция, Париж
Жеткіншек қыздар арасында көше скейтбордингінен алтынды Жапония жеңіп алды. 14 жастағы Коко Есидзава 272,75 ұпай жинап, жеңіс тұғырынан көрінді. Күміс медаль да Жапонияның қанжығасында. Қола медаль бразилиялық бойжеткенге тиді. Осылайша қоржынында 4 алтын, 2 күміс, 1 қола медалі бар Жапония үздік үштік қатарында тұр.
Ұлыбритания тарихындағы суға секіруден алғашқы медаль
Франция, Париж
Ұлыбритания спортшылары Ясмин Харпер мен Скарлетт Мью Дженсен әйелдер арасында 3 метрге суға секіру бойынша қола медальді қанжығасына байлады. Тұманды Альбион кейінгі 64 жылда аталған спорт түрінен алғаш рет әйелдер арасында жеңіске жетті. Қазір корольдік құрамасы жүзу, дайвинг, байдарка және вело жарыс бойынша 2 күміс, 2 қола медаль иемденіп, 13 орында келеді. Олимпиадада 327 спортшы Ұлыбританияның намысын қорғауда. Еске салайын, 4 жыл бұрын Токио олимпиадасында тұманды Альбионның сайып қырандары 22 алтын, 20 күміс, 22 қола медаль иемденіп, ел абыройын асқақтатқан еді.
Әсия Нұрлыбаева