Қытайда электромопед жүргізушілеріне талап күшейтілді

Қытай әлем бойынша мопедті ең көп қолданатын мемлекет. Әсіресе электромопедтер жоғары сұранысқа ие, деп хабарлайды 24kz.

Бүгінде халқының төрттен бірі екі дөңгелекті көлікті тізгіндейді. Көрші елде қауіпсіздік, пайдалану ережелері қалай жолға қойылған? Оны тілшіміз Руслан Бақытбекұлы айтады.

Диктор:

-Руслан сіз тікелей эфирдесіз. Аспан асты елінде көліктің бұл түріне талап қандай?

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Қытайлықтар мопедті қысы-жазы пайдаланады. Күнделікті тіршілікте мопедсіз қытайдың көшелерін елестету мүмкін емес. Кез келген жерде, қызметте, жұмыста пайдалана береді. Мәселен, коммуналдық қызметті алайық. Жұмысшылар қоқыс жинап шығару, сыпырғыш, шөп шабуға арналған құрал-жабдықтарын тасымалдайды. Одан бөлек, пошта, тамақ жеткізу қызметі бәрі-бәрі мопед мінеді. Тіпті жолаушы тасмалында да рикшалар пайдаланылады. Әрине, бұлар үш аяқты көліктер. Дегенмен, мопед саналады. Бүгінде статистикаға сәйкес бұл елде 400 миллионға жуық мопед тіркелген. Орта есеппен әрбір төртінші адам мопед мінеді екен. Ал зауыттарында 42 миллион электромопед шығарылған.

Нарық көлемі күннен күнге ұлғайып, сұраныс артып келеді. Бұған бірнеше себеп бар. Біріншіден, мопед миллиондаған халқы бар Қытай қалаларында кептеліссіз қозғалуға, жүріп-тұруға, жедел жетуге ыңғайлы. Екіншіден, көлік сатып алудан гөрі сол көлікке мемлекеттік нөмір алу қиынның қиыны. Нөмір алу үшін халқы 4 жылдан 20 жылға дейін кезекке тұрады. Оның өзінде нөмірдің тақ немесе жұп санмен аяқталуына қарай аптаның белгілі бір күнінде жолға шығуға рұқсат беріледі. Айтпағым, ең қолжетімді көлік болған соң халқы осыны мінеді. Оның үстіне мемлекет ұстанып отырған экологиялық саясаты да тікелей әсер етіп отыр. Сәйкесінше, инфрақұрылым да жасалған. Арнайы жолақ, жол белгілері, ережелер қатаң сақталған. Және бұлжытпай орындалады.

Мысалы мопедтерге кез келген жолмен жүруге тыйым салынған. Жол моторлы және моторсыз көліктерге арналған жолақ деп бөлінеді. Ал кейбір жол жоқ жерде ішкі заңнама мен орнатылған  белгілерге сай жүруге рұқсат беріледі.

Диктор:

- Руслан, мопед қожайындары мен тізгіншілеріне талап қандай?

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Егер мопед мінгіңіз келсе, мына заң талаптарын бұлжытпай орындауға міндеттелесіз. Бірінішіден, жеке және жүргізуші куәлігі болуы тиіс. Екіншіден, мопед қожайыны міндеттелген сақтандырудан өтуі тиіс. Сондай-ақ көлікті сатып алғандығы жөнінде бірыңғай шот, көліктің төлқұжаты, мемлекеттік нөмірі болуы тиіс. Одан кейін жүргізуші де, оған мінгескен жолаушы да соққыдан қорғайтын арнайы бас киімін киюге міндетті. Сонымен қатар мопедке дауысы қатты шығатын музыка, аудио қондырғы, жарық шамдар сияқты тағы басқа қосымша нәрселерді орнатуға рұқсат етілмейді. Әсіресе, жылдамдық қатты бақыланады. Мұндай шара жол қозғалысының тиімділігін арттырып, жол-көлік оқиғаларын азайтуға, қауіпсіздікке бағытталып отыр. 2024 жылы мопедтерге қатысты заңды күшейтіп, шектеулерді көбейтті. Оған қоса, көлік құралының техникалық параметрі, лицензиясы, жүргізуші куәлігіне қатысты талаптар мен жол ережесі де күшейтілді. Мәселен, электромопедтер қозғалтқышының қуаты 400 ваттан, аккумуляторлары 48 вольттан аспауы тиіс. Ал белгіленген максималды жылдамдық сағатына 25 шақырым.

Диктор:

- Руслан, қауіпсіздік талаптары мен бақылауды күшейтуге не себеп?

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Себебі кейінгі жылдары елде осы мопедтердің өртену дерегі жиілеген. Сонымен қатар мопедтің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғасы көбейген. Қытай Халық Республикасының Ұлттық өрт-құтқару әкімшілігінің мәліметіне сай бүкіл ел аумағында 69 700 өрт тіркелген. Барлығы осындай көлікті ғимарат ішінде қуаттаудың кесірінен болған. Салдарынан 884 адам жарақат алып, жүздеген адам көз жұмған көрінеді. Ал келген шығын700 миллион юань. Қазір мопедтерді тек қана арнайы белгіленген жерде қуаттау туралы шешім шыққан. Оны орындамаған жағдайда жауапкершілік аса қатаң. Мәселен былтыр Бейжіңнің Фэнтай ауданында тұрғындардың бірі аккумуляторын үйінде қуаттап өрт шыққан. Салдарынан екі адам күйіктен көз жұмды.

Жергілікті тұрғын 4,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Қазір елдің бүкіл аймақтары мен қалаларында осы өрттің көп шығу мәселесіне қатысты талдау, зерттеу шаралары жүріп жатыр. Жақында шыққан нәтижеге сай электромопедтер өртенуінің 80%-і түнгі мезгілде қуаттау кезінде болады екен. Бүгінде Қытай электромопедтерді қауіпсіз пайдалану бағытында стандарттарды нығайтты. Мопед пен қосалқы бөлшек шығаратын компаниялардың өнім сапасынан бастап, көлік тұрағы, қуаттау станциялары, сату, ереже, бақылау функцияларын жаңғыртып жатыр.