Кейбір ел Венесуэладағы президент сайлауының нәтижесін мойындамай жатыр
Венесуэлада 3 күннен бері маза жоқ.
Ресми мәлімет бойынша 51 дауыс жинады деген қазіргі мемлекет басшысы Николас Мадуроның қуанышы ұзаққа бармады. Сайлау нәтижесі бұрмаланды деген оппозиция бас көтерді. Олар жеңісті өзіне теліп отыр.
Мария Корина Мачадо, оппозиция жетекшісі:
«Барлық Венесуэла азаматтарына және бүкіл әлемге «Біздің қолымызда сайлау туралы шындыққа нақты дәлелдер барын айтқым келеді. Біз дауыстың 73,2 пайызына ие болдық. Осылайша оппозиция атынан түскен үміткер Эдмундо Гонсалес президент болып сайланды. Біз жеңіске жеттік».
Бейбіт шеру соңы қақтығысқа ұласқан. Ақпарат құралдары тәртіпсіздер салдарынан 6 ереуілші көз жұмғанын мәлімдеді. Ал елдің Бас прокуратурасы 48 полиция мен сарбаз жараланғанын және 749 белсендінің қамауға алынғанын жариялады. Бірақ оппозиция берілер емес. Рейтер агентігі наразы топ әртүрлі қалада бұрынғы президент Уго Чавестің 5 ескерткішін құлатып тастады деген хабар таратты.
Н. Мадуро: фқфамалғандардың көбі қылмыскерлер мен нашақорлар
Венесуэла парламенті елді бүлік шығарған оппозиция басшыларын фашистер деп атап, оларды қамауға алуды талап етті. Президент Николас Мадуро қамауға алынғандардың көбі - қылмыскерлер мен нашақорлар, оларға арандатушы сыртқы күштер шеруге шыққаны үшін 150 доллардан ақша беріп отыр деп айыптады.
Николас Мадуро, Венесуэла Президенті:
"Венесуэлада қазір болып жатқан барлық оқиға үшін тарих, конституция және елдің алдында Эдмундо Гонсалес мырза жауапты."
Сарапшылар: Н. Мадуро билігі кезінде елден кетушілер көбейді
Мадуро Венесуэланы 11 жылдан бері басқарып келеді. Сарапшылардың айтуынша, осы аралықта елден бас сауғалап қашқандар саны көбейген. Біріккен Ұлттар Ұйымы 7 миллион 700 мың Венесуэла азаматының шетел ауғанын айтады. Бұл 34 миллион халықтың 22 пайызы. Салыстыру үшін мысал келтірейік. Сириядағы соғыстан 5 миллион, ал Украинадағы қырғыннан 6 жарым миллион тұрғын шекара асқан. Венесуэлалықтардың елден кетуіне негізінен ауыр экономикалық дағдарыс, гиперинфляция себеп.
Венесуэладағы президент сайлауының нәтижесіне байланысты әлемде 2 лагерь пайда болды. Латын Американың 9 елі - Аргентина, Гватемала, Доминикан, Коста-Рика, Панама, Парагвай, Перу, Уругвай мен Эквадор сайлау нәтижесіне күмән келтірген. Мадуро осы мемлекеттердегі елшілерін бірден кері шақырып алды. Ал Иран, Ресей, Куба мен Қытай Мадуроны жеңісімен құттықтады.
Линь Цзянь, ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
«Қытай Венесуэланы президент сайлауын табысты өткізуімен және президент Мадуроны қайта сайлануымен құттықтайды. Қытай мен Венесуэла – жақсы достар және бірін-бірін қолдаушы серіктестер. Биыл екі елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 50 жыл толады. Біз екіжақты ынтымақтастықты әрі қарай да дамытуға дайынбыз.»
АҚШ-та да президент сайлауына дайындық науқаны өте қызу жүріп жатыр. Саяси додадан өз еркімен бас тартқан Джо Байден әлі де ат үстінде. Ол Венесуэладағы жағдай бойынша Бразилия президенті Лула да Силвамен телефон арқылы сөйлесіп, ықпалды 2 елдің басшылары Венесуэладағы жағдайды бақылау ұстауға уағдаласты.