Жасанды интеллектке инвестиция салу артып барады
Әлемде жасанды интеллектке салынатын инвестициялар барған сайын артып келеді.
Келер жылы оның көлемі 200 миллиард долларға жетеді деген болжам бар. Әлемнің ірі 2 мың компаниясы табысының 40 пайызын нейрожүйелермен байланысты бастамаларға жұмсауы мүмкін. Себебі зерттеулер олардың экономикалық тұрғыдан өте тиімді екенін көрсеткен.
Компаниялардың жасанды интеллектпен байланысты жобаларды қаржыландыруға қызығушылығының артып келе жатқанын статистика көрсетіп отыр. Былтыр осы саладағы стартаптарға 27 миллиард доллар инвестиция тартылған. Оның үштен екісі америкалық Майкрософт, Гугл мен Амазон үлесіне тиесілі. Жасанды интеллектке ең көп қаржы құятын ел де осы АҚШ. Былтыр америкалықтар бұған 329 миллиард доллар бөлген. Технология алпауыт мемлекеттің еңбек нарығындағы ахуалды айтарлықтай өзгертуі мүмкін. Ол жұмыс орындарының 9 пайызын алмастырады деп күтілуде. Мұның бәрі еңбек өнімділігін арттырып, 2032-жылға таман америкалықтардың жалпы ішкі өніміне қосымша тағы 1 триллион доллар әкелуі мүмкін.
Жапонияда нейрожүйелерді зерттеуге $225 млрд бөлінеді
Жапон билігі де компанияларды жасанды интеллекті дамытуға көптеп инвестиция құюға шақырып отыр. Өйткені бұл экономикалық жағынан тиімді. Үкімет бұл істе "Қоғам 5.0" тұжырымдамасын ұстанады. Ол барлық салада цифрлық технологияларды қолдануға негізделген. Компанияларға салық жағынан жеңілдіктер жасалады. Жалпы жапондықтар алдағы 5 жыл ішінде сектордағы түрлі зерттеулерге 225 миллиард доллар бөлуді жоспарлап отыр. Күншығыс елінде қазір демографиялық дағдарыс ең өзекті мәселенің бірі. Бұл экономиканың дамуын тежеп отырған фактордың бірі. Билік мәселені шешу үшін тіпті осы секторда да жасанды интеллектіні қолдануға ниетті. Бұл мақсатқа 13 миллион доллар бөлген.
Ұлыбританияда әр алтыншы компания нейрожүйені қолданады
Қазір Ұлыбританияда 400 мыңнан аса компания, демек әрбір алтыншы ұйым жасанды интеллектіні ендірген. Мұнда технология бойынша 360 мың маман бар. Британдықтар нейрожүйелерді негізінен Ай-Ти, телекоммуникация, заң, денсаулық сақтау және сауда салаларында қолданады. Билік мұнымен шектеліп қалмақ емес. Алдағы жылдары жасанды интелелкт саласындағы зерттеулерге 100 миллион стерлинг фунтын бөлу көзделіп отыр. Қаражатқа 9 жаңа зерттеу орталығы салынбақ. Олар денсаулық сақтау және химия өнеркәсібінде осындай технологияны ендіруге мүмкіндік береді. Қомақты қаржының бір бөлігі осы нейрожүйелерге байланысты қауіп-қатерлерді бақылауға бөлінеді.