Ханчжоу тұрғындары аптаптан арнайы орталықтарда қорғанып жүр

Қытайдың Ханчжоу қаласында күн жанып тұр, деп хабарлайды 24kz.

Сынап бағанасы 40 градусқа дейін жетіп, тұрғындардың мазасы қашты. Олар қала орталығынан ашылған арнайы орындарда ыстықтан қорғануда. Мұнда мамандар келушілерді ыстық тамақ, салқын сумен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ ғаламтор мен басқа да қызметтерді ақысыз пайдалана алады. Тәулігіне шамамен 800-дей адам осындай орталықтарға бас сұғады. Олардың 90%-і егде жастағы кісілер. Билік аптапқа байланысты шаһарда қауіптің қызыл деңгейін жариялады. Сондай-ақ тұрғындарға күндізгі уақытта далада көп жүрмеуге кеңес берді.

Дин Фучжэнь, жергілікті тұрғын:

- Далада күн жанып тұр. Ыстықтан қорғану үшін осы салқындату орталықтарында күнелтіп, амалдаудамыз. Бұл жер жыл сайын 1 шілде мен 30 тамыз аралығында тұрғындарға қызмет көрсетеді. Күніне жүздеген адам келеді.

Ал Қытайдың Хунань провинциясында тасқын құрбандарының саны 30-ға жетті. Тағы 35 кісі із-түзсіз жоғалып кеткен. 11 мың тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Мыңдаған үй бүлініп, 4 мың гектар егістік алқабына зиян келді. Аймақта бір аптадан бері жауып жатқан жаңбыр толастар емес. Мамандар мұны «Гаэми» тайфунымен байланыстырады. Олардың сөзінше, кейінгі 8 жылда мұндай құбылыс алғаш рет тіркеліп отыр. Қазір үкімет тасқын салдарын жою жұмыстарына 33 млрд доллар бөлді.