Ұлыбритания ғалымдары «Тік көгал» жобасын қолға алды
Ұлыбританияда әр алтыншы өсімдікке жойылып кету қаупі төніп тұр. Сондықтан жергілікті экологтар «Тік көгал» атты тың жобаны қолға алды, деп хабарлайды 24kz.
Ол өсімдіктерді ғана емес, жануарларды да сақтап қалуға көмектесетін көрінеді.
Жұлдыз Атагельдиева, тілші:
- Мына қабырғаға 25 түрлі өсімдік егілген. Әрқайсысын экологтар жіті таңдаған. Бірақ олар үйреншікті әдіспен емес, тігінен орналастырылған. Өйткені экологиялық жағынан тиімді көрінеді. Мысалы, көміртекті көбірек сіңіріп, ауаны тазартады. Ыстықты басады. Дыбыстың оқшаулануын қамтамасыз етеді. Қаланың көркін ашады. Әрі орынды аз алады.
Алистер Лоу, «Тік көгал» жобасының авторы:
- Бұрындары жарнама тақталарының астында бос кеңістік қалып қоятын. Қазір оны жасыл қабырғалармен толтырдық. Демек, енді өсімдіктерді егетін орын іздеп әлек болмаймыз.
«Жобаның жәндіктер үшін аса маңызы зор», - дейді экологтар. Ұлыбританияда кейінгі 90 жылда шыбын-шіркейлер үшін қажетті көгалдардың 97%-і жойылып кеткен. Негізі 4 мың шаршы метр аумақта 3 миллион гүл өсіруге болады екен. Ал олардың шырыны 96 мың бал арасына жетеді.
Алистер Лоу, «Тік көгал» жобасының авторы:
- Жақында мына қабырғада сирек кездесетін көбелек түрін байқап қалдым. Ол жойылу қаупі төніп тұрған гүлге қонды. Демек, кейін бұл өсімдік жәндіктер арқылы тозаңданып, басқа жерде өсуі мүмкін.
Қалада ауданы 9 шаршы метр болатын бір «Тік көгалдың» көмегімен күнделікті 200 жәндікті шырынмен қамтамасыз етуге болады. Сондықтан келешекте Ұлыбританияның түрлі өңірлерінде 30 қабырға орнату жоспарланып отыр.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева