2030 жылға қарай әлемде 84 млн бала мектепке бармайды – БҰҰ
2030 жылға қарай әлемде 84 миллион бала мектепке бармайды. БҰҰ-ның мамандары осылай деп отыр.
Айтуларынша, оған қаржы тапшылығы, мигранттар секілді осал топтардың білім ала алмауы мен мұғалім тапшылығы себеп.
БҰҰ өкілдерінің хабарлауынша, әлі миллиондаған адамның білім ала алмауындағы мәселе сол ақшаға кеп тіреледі. Әлем халқының 40%-і тұрып жатқан елдердің билігі білім беруден гөрі сыртқы қарызды өтеуге көп ақша жұмсайды екен. 2030 жылға таман 44 миллион мұғалім жетпейді деген күдік бар. Бұл, әсіресе, Африка елдері үшін өзекті проблема. «Оған жалақысының аз болуынан бөлек, мамандықтың беделінің төмендеуі де себеп», - дейді сарапшылар. Еңбек жолын бастаған алғашқы 3-5 жыл ішінде ұстаздар жұмысын ауыстыруға шешім қабылдайтын көрінеді.
Германияда мұғалімнің жүктемесі көп
Мұғалім тапшылығы Германия үшін де өзекті мәселе. Немістің экономика институтының зерттеуі бойынша мұнда 76 мың маман жетпейді. Бірақ билік өкілдерінің келтіріп отырған статистикасы әлдеқайда төмен. Бірақ олар да жағдайдың қиын екенін мойындап отыр. Өйткені мұғалімнің беделі төмендеп кеткен. Ал жүктемесі көп. Оған сырттан келген мигранттардың артуы әсер етті. Сосын демографиялық дағдарыс та өз кесірін тигізді. Неміс халқы тез қартайып барады. Демек, жұмысқа қабілетті адам саны азайған. Мұғалім тапшылығы мәселесі Саксония-Анхальт федералдық жерінде өршіп тұр. Мұнда дүйсенбіде 214 мыңнан аса бала мектепке барды. Бұл былтырмен салыстырғанда 1400 оқушыға көп. Ал педагог тапшылығы сол күйінде қалып отыр.
Газа секторындағы мектептердің 76% бүлінген
Ал, Газа секторының білім беру саласында басқа проблема. Мұнда атыс-шабыстан мектептердің 76%-і бүлінген. Салдарынан өткен оқу жылы 300 мың оқушы мектепке бара алмаған. Қазір амандығы үшін алаңдаған балалардың сабаққа бармайтыны түсінікті. Бұл ретте БҰҰ-ның мамандары білім алу кез келген адамның құқығы екенін тағы да еске салып, халықаралық талаптардың бұзылып жатқанына қатты алаңдаулы.