Ресейде картоп өнімділігі төмендеді
Ресейдің оңтүстік өңірлерінде көкөніс қурап жатыр.
Әсіресе Краснодар аймағы, Астрахан және Ростов облыстарында өнім азайған. Мамандардың айтуынша, бұған алдымен аптап ыстық пен қуаңшылық себеп.
Климаттың өзгеруі Мажарстанның жүзім шаруашылығын тығырыққа тіреді. Елдің Ұлттық метеорология қызметінің есебінде биылғы шілде температура бақылауға алынған 1901 жылдан бері ең ыстық ай болып тіркелген. Мұның зардабын шаруалар тартып отыр. Аптап салдарынан жүзім жинау науқаны шұғыл түрде жылдағы мерзімнен 1 ай бұрын тамызда басталды. Бірақ мұндай қарбалас тірлікке диқандар дайын болмай шыққан. Тіпті венгр ғалымдары алдағы уақытта бұл елде жүзім өсіру аса қиын, тіпті мүмкін болмайтынын ескертеді. Шаруалар "Біздің климат ақырындап Жерорта теңізі аймағындағы күн райына ұқсап келеді" дейді.
Ласло Керек, шаруа:
"Ғаламдық жылыну ата кәсібімізден айырғалы тұр. Мажарстанда қыс мүлде болмайды болған Қысымыз күзге айналды. Жауын-шашын мүлде жаумайды. Жүзім шаруалығымен айналысуды доғаратын шығармыз."
Оңтүстік Кореяның климаты да субтропикалық сипатқа ие бола бастады. Негізі бұл елге жылдың 4 мезгілі ауысатын қалыпты күн райы тән болатын. Ел астанасы Сеулде күн қатты ысып, банан ағашы жеміс берді. Елде орташа жылдық температура былтыр 13,7 градусқа жеткен. Жергілікті дихандар жаңа табиғи өзгерістерге жылдам бейімделіп жатыр. Субтропикалық жеміс алқабының көлемі кейінгі 2 жылда 10 есе өсті. Қазір Оңтүстік Кореяда 67 жаңа банан шаруашылығы бар. Тұрғындар бұл жемістің өскеніне ерекше мәз. Өйткені банан бағасы едәуір арзандаған.
Ма Мён-Сон, 73 жастағы шаруа:
"Банан ағаштарын өсіріп келе жатқаныма 10 жылдан асты. Биыл бірінші рет жеміс беріп отыр. Бірақ біздің банандардың ұзындығы 10 сантиметрдей. Әдетте олардың көлемі 15 сантиметрден асады. Әбден піскенде кәдімгі банан сияқты сары және тәтті болатын шығар деп сенемін. Климат өзгеріс небір ғажайып тудырып жатыр."
Климаттың өзгеруі көрші елдердің егін түсіміне де әсер етіп жатыр. Биыл Ресейде 1 миллион 400 мың тонна картоп жиналады. Бұл былтырғы көрсеткіштен 16 пайызға төмен. "Форбс" журналы жүргізген зерттеу қорытындысы осындай. Бұған дейін Ресейге Мысырдан көп картоп келетін. Бірақ биыл Египет өнімін Еуропа нарығына сатып жатыр. Осындай ішкі және сыртқы теріс факторлар салдарынан Ресейде көкөніс бағасы жыл басынан бері 88 пайызға дейін қымбаттаған.
Әлемде құрғақшылық күшейеді
Кейінгі 20 жылда климат өзгерісінің адамзатқа әсері ерекше күшейді. Әлемде 2 жарым миллиардтан астам адам су тапшылығына тап болған. Ғалымдар "аптап ыстық пен құрғақшылыққа байланысты 2050 жылға қарай 200 миллионнан астам адам тұрғылықты жерін ауыстыруға мәжбүр болады" дейді. Бұл әсіресе Азия, Шығыс Еуропа, Тынық мұхитының жағасындағы елдер мен Африкаға қатысты болмақ.