Өзбекстанда қауын фестивалі өтіп жатыр
Өзбекстандық диқандар биыл мол өнім жинады.
Әсіресе қауын-қарбыз бітік шықты. Молшылыққа толы маусымды ала шапанды ағайын арнайы фестиваль арқылы атап өтіп жатыр. Мұндай шара көршімізде игі дәстүрге айналған. Биыл оған қатысам деушілердің қарасы көбейіп, ең креативті идея ұсынғандарға автокөлік, қожалық техникасы және қаржылай сыйақы таратылды.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Хиуада өтіп жатқан қауын фестивалі өзбек халқының көне дәстүрін жаңғыртты. Аспан астындағы мұражай әрі ежелгі шаһар орталығы саналған “Ичан қала” алаңында ала жаздай атыз жағалаған ағайынның мерекесі тойланды. Бұрын Хиуаны көктей өткен сауда керуендері жергілікті қауын-қарбыздан дәм татпай кетпеген. Қазір де бұл өңірдің дәнді-дақылы туристер арасында танымал. Тек осы шараның өзіне 30 мың саяхатшы келіп отыр.
Жүздеген тонна бау-бақша өніміне 4 гектар павильон тұрғызылды. Хорезм облысының 13 ауданы мен Қарақалпақстан диқандары жиын-терімнің бір бөлігін көпшілік назарына ұсынды. Шараның ашылу салтанатына шетелдік дипломатиялық миссия өкілдері де жиналып, концерттік бағдарламаны тамашалады. Әрі мәдени мұра құндылықтарымен танысты.
Гүлчәме Юлдошева, іс-шараға қатысушы:
- Қауынның көптеген түрін таныстырып жатырмыз. Мәселен мына дақыл «кәріқыз» деп аталады. Атауы құлаққа жағымсыз естілгенімен дәмі тіл үйіреді. Бұдан өзге «гурвак», «түйе қауын», «тойана», «хорезм ақ науат», «барикалла» атты қауындарымыз бар.
Жалпы аймақта қауынның 125 сұрпы сақталған. Соның ішінде ең танымалы - «гурвак». Сұранысы жоғары дақылдан хорезмдік ғалымдар сусындар әзірлеуге көшкен. Кәсіпкерлік жоба ретінде бизнеске ұсынылып, жаппай өндірісін бастау жайы қарастырылып жатыр.
Мақсұт Жұманиязов, Үргеніш мемлекеттік университетінің профессоры:
- Үргеніш университетінде хорезм қауындарын қайта жаңғырту ісін қолға алған едік. Қазір жүздеген түрін павильонға қойдық. Жаңа сұрыптарды да ойлап таптық. Қауыннан мынадай бал және шекер жасауды жолға қойдық. Қайта өңдеу ісі еуропалық стандарттарға сай дегім келеді. Өзіндік технологиясын әзірледік. Мұның бәрін енді сатылымға шығарғымыз келеді.
Өзбекстандық өнерпаздар 3 күні бойы өлкені қызу думанға бөледі. Ұйымдастырушылар фестивальге белсенді қатысып, ең үздік креативті идея ұсынғандарды ескерусіз қалдырмады. Нәтижесінде шаруа қожалықтарына су жаңа көлік, арнайы техника және қаржылай сыйақы табысталды. Ал көрмеге қойылған қауын-қарбыз кейін тұрғындарға үлестірілді. Бастысы ел ырысы артып, диқандардың маңдай тері ақталды.
- Қауындар өте тәтті. Туристерге ұнайтыны сөзсіз. Жергілікті халық бай мәдениетімен де естен кетпес әсер қалдыруда.
- Шара өте қызықты өтіп жатыр. Ескі қаладағы ескерткіштер мен көне дәстүрлер бәрі бір-бірімен сабақтасқан. Осынысымен қаланың туристік әлеуеті арта береді деген ойдамын.
Мұндай фестивальдер Өзбекстанда сырт елден мейман тартудың бірден-бір жолы. Осыны ескерген өзбекстандық тур компаниялар Хиуада өтетін шара жайлы алдын ала ақпарат таратып, саяхатшылар санын арттыруға ықпал еткен. Қазір қалада 40 градус ыстыққа қарамастан қонақ көп. Еуропа және Қытайдан арнайы ат басын бұрып келгендер бар. Олар өзбек халқының ежелгі дәстүрі мен көздің қарашығындай қорғалған ескерткіштерін қызыға тамашалап жүр.
Рауан Мыңбаев