АҚШ-та алдағы 10 жылда IT мамандарына сұраныс артады

Технологиялардың тез дамуына байланысты әлемде IT мамандарына сұраныс артып жатыр.

«Мұндай үрдіс алдағы 10 жыл бойы жалғасады», – дейді сарапшылар. Бүгінде көрші Ресейде осы салада қызметкерлер жетпей жатыр. Германияда да ұқсас жағдай.

АҚШ-тың еңбек статистикасының федералдық бюросы әлемдегі ең танымал мамандықтардың тізімін жасады. Рейтингте нарықты зерттейтін талдаушы, қаржы менеджері мен IT мамандары көш бастап тұр. Сарапшылар алдағы 10 жылда оларға сұраныс тек арта беретінін айтады. АҚШ-та да тең танымал әрі табысты мамандық түрі – IT саласы. Мысалы, компьютер менеджері жалақысы ең жоғары мамандықтардың үштігіне кіреді. Қызметкерлердің орташа жылдық айлығы 150 мың доллар шамасында.    

 

Ресейде IT мамандары тапшы

Ресейде IT мамандары тапшы. Әсіресе машиналық оқыту, нейрожүйелерді жасау, үлкен деректерді өңдеу саласында мәселе ушығып барады. Бір жыл бұрын көрші елде IT саласында 700 мың маман жетпейтіні туралы хабарланған. Жағдай осылай жалғаса берсе, алдағы бірнеше жылда көрсеткіш бір миллион адамға дейін жетеді деген болжам бар. Билік олардың жалақысын көтеріп жатыр. Қазір орташа еңбекақы 131 мың рубль шамасында. Біздің ақшамен 700 мың теңгеге жуық. Бұл былтырмен салыстырғанда, 18% көп. Бірақ соның өзінде еңбек нарығындағы ахуал оңалмай тұр. Оған импортты алмастыруға байланысты экономиканың өзге секторындағы қызметкерлерге сұраныстың күрт артуы мен демографиялық жағдай себеп.  

 

Германияға 170 мың білікті инженер қажет

Демографиялық дағдарыс Германияның экономикасына да әсер етіп отыр. Еуропаның өзге елдеріндегідей, мұнда да жергілікті халық тез қартайып барады. Демек еңбекке жарамды адам саны азайып барады. Соның кесірінен қарттарға күтім жасайтын адамдар, дәрігерлер, мұғалімдер жетпей жатыр.

Бұдан бөлек, IT-мамандар да тапшы. Бүгінде неміс еліне 170 мыңдай білікті инженер қажет. Әсіресе машина жасау, электротехника мен автомобиль құрастыру салаларына. Сарапшылар: «Келешекте мәселені жасанды интеллект көмегімен шешуге болады», – дейді. Бірақ Германияда оны пайдаланушылар аз. Жақында жүргізілген сауалнама нәтижелері көрсетіп отырғандай, әрбір үшінші тұрғын нейрожүйелерді қосымша мүмкіндік емес, керісінше қауіп ретінде қарастырады екен.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева.