Қытайда шағын бизнеске алуан түрлі қолдау жасалады
Әлемнің дамыған елдерінде отандық өнім өндірушілерді қолдау бірізді жолға қойылған.
Мәселен, Қытай жыл сайын кәсіпкерлерге миллиондаған доллар субсидия береді. Ал АҚШ билігі елдің негізгі өндірісі саналатын электромобиль құрылысына биыл 1,7 млрд доллар грант бөлген.
Германияда қуатты көп тұтынатын компанияларға қолдау көрсетіледі
YOUTUBE.COM/@GTAI
Германия билігі биыл энергияны көп қажет ететін компанияларды қолдау мақсатында тендерлік субсидиялау жобасын бастады. Үкімет кәсіпорындарды 15 жылға дейін қаржылай қамтамасыз етеді. Ол үшін кәсіпкерлер үкіметке шығарындыларды азайтуға бағытталған бизнес-жоба ұсынуы керек. Бұл "климаттық келісімшарт" олардың шығынын өтеуге көмектеседі. Осы мақсатта билік 2045 жылға қарай болат, шыны, қағаз және химия өндірісі секторына да субсидия бөлуді жоспарлап отыр.
АҚШ үкіметі электромобиль өндірісіне $1,7 млрд грант бөлді
АҚШ-та отандық өнім өндірісін дамыту бойынша электромобиль құрастыру ісі жолға қойылған. Биыл энергетика министрлігі бірнеше штатта электр көлігін жасап шығару үшін 11 зауытқа 1,7 млрд АҚШ доллары көлемінде мемлекеттік грант бөлді. Бұл субсидия салалық өнеркәсіпті дамытуға бағытталған. Мысалы, Джорджия штатындағы Blue Bird Body компаниясына шамамен 80 миллион, Мичигандағы әйгілі General Motors зауытына 500 миллион, ал Иллинойс штатындағы Fiat Chrysler құрастыру компаниясына 335 миллион АҚШ доллары көлемінде субсидия берілді.
Қытай билігі бизнесті дамытуға субсидия бөледі
Қытай билігі ұлттық өнеркәсіптің өсуін ынталандыру үшін кәсіпкерлерді субсидиялау бағдарламасын іске қосқан. Сондай-ақ кәсіпорындар үшін салық жеңілдіктерін ұсынады. Мемлекеттік банктер төмен пайыздық мөлшерлемемен отандық өндірушілерге несие рәсімдейді. Отандық өндірісті дамытуға жыл сайын үкіметтен жүздеген миллиард доллар субсидия бөлінеді. Мәселен, 2019 жылы отандық өндірушілерді қолдауға 407 млрд АҚШ доллары жұмсалған. Бұл көрсеткіш Қытайдың сол жылғы жалпы ішкі өнімінің 1,73% құрады.
Жапония жартылай өткізгіш өндірісін қайта қолға алды
YOUTUBE.COM/@_LEX_LUTHOR
Жапония билігі биыл жартылай өткізгіш өндірісіне 3,9 млрд доллар субсидия бөлуді мақұлдады. Барлық қаражат Рапидус чип өндіруші компаниясының чиптерді орау процесін зерттеуге жұмсалады. Си Эн Би Си басылымының мәліметінше, 1980 жылдары әлемдік жартылай өткізгіштер нарығында Жапония жетекші рөл атқарды. Қазір өндіріс қарқыны сәл бәсеңдеген. Сондықтан Күншығыс елі микропроцессор өндіруді қайта қолға алды.
Авторы Әсия Нұрлыбаева