Биыл Қырғызстанда 300-ден астам сел жүрген
Жаһанда температура көтерілгенін Қырғызстан айқын сезінді.
Өйткені табиғат апаттары көбейді. Жергілікті ғалымдар осылай деп отыр. Бұл орайда материалдық шығын бір миллиард сомнан асып кеткен. Бұл біздің ақшаға шаққанда 5 миллиард теңгедей болады.
Бұл жақында Ыстықкөл облысында болған тасқын салдары. Көктемде Қырғызстанның оңтүстік өңірлерінде ұқсас жағдай болған. Жазда да солай жалғасып жатыр. Жергілікті өзендерде су деңгейінің көтерілуіне кейінгі кезде жиілеп кеткен нөсер себеп. Бұдан бөлек көрші елде орташа жылдық температура да көтерілген.
Ольга Стрижанцева, ҚР Ұлттық ғылым академиясы су мәселелері институтының өкілі:
"Кейінгі 30 жылда қыстың жылы болып бара жатқанын байқап отырмыз. Бұрын наурызда, әсіресе таулы аймақтарда суық болатын. Ал қазір жағдай мүлдем басқа. Наурыздағы ауа райы көктемнен гөрі жазға қатты ұқсап барады".
Биыл Қырғызстанда 300-ден аса сел тіркелді. Бұл кейінгі 30 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Осыған байланысты құтқрушылар таулы аймақтарда табиғат апатының алдын алу шараларын қолға алды. Оның барысында 2 мыңнан аса көлдің 400-інде арнасынан асу қаупі төніп тұрғаны белгілі болды. Бұл деректер билік органдарына берілген. Енді жжергілікті шенеуніктер тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қолға алуы тиіс.
Даурбек Сакыев, ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды бақылау және болжау бөлімінің басшысы:
"Алдын алу шаралары дегеніміз бұл ең алдымен қорғаныс құрылыстарын орнату. Бұл гидротехникалық құрылымдар, дамбалар болуы мүмкін. Одан бөлек селді басқа бағытқа бұрып жіберетін арналарды тазалау жұмыстарын жүргізу керек. Мұның бәрі төтенше жағдайлардың алдын алу шараларының кешеніне кіреді".
Табиғат апаттарының жиілеп кетуіне байланысты құтқарушылар мен ғалымдар бақылау метеостанцияларының желісін кеңейту қажеттілігі туралы айтып отыр. Қазір Қырғызстанда олардың саны жүзге жуықтайды. Бірақ төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері бұл климаттың өзгеруін болжау үшін жеткіліксіз дейді.
Жұлдыз Атагельдиева, Бакыт Чермашев