Аптап ыстық электр жарығына салмақ салды

Метеорологтар 2024 жылдың жазы адамзат тарихындағы ең ыстық мезгіл болады деп бұрыннан ескертіп еді.

Аптап ең алдымен әлем елдеріндегі электр қуаты жүйесіне салмақ салып отыр. "Блумберг" сарапшылары ғаламдық электр желісін жаңартуға қанша инвестиция қажет екенін есептеп шығарған. Олардың айтуынша, бар үміт - баламалы энергияда. "Жасыл қуатқа" иек артқанда ғана адамзатты энергия тапшылығынан құтқаруға болады. Бірақ ғаламдық электр желілерін жаңарту үшін 2050 жылға дейін 24 триллион доллар керек. Әсіресе жер көлемі мен энергия тұтыну бойынша сұранысы өте жоғары АҚШ пен Қытайға қажет инвестиция көлемі тым орасан. Аптап ыстық салдарынан туындаған энергия тапшылығына Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы қатты алаңдаулы екенін жеткізді.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

"Мына мәселеге тура қарайықшы. Бұдан былай шамадан тыс жоғары температура бір күннің, бір аптаның немесе бір айдың мәселесі емес. Ғаламдық жылынудан енді қашып құтыла алмаймыз. Бұл құбылысты "аптап ыстық індеті" деп атауға болады. Әлем бойынша 50 градустық ыстық қалыпты жағдайға айналады. Баламалы энергия көздерін тұтынуды арттыру көп түйткілді шешері сөзсіз. Бірақ бұл үдеріс әлемде өте баяу жүріп жатыр."

Косовода ауа баптағыштарға деген сұраныс 400%ға артты

Ыстыққа байланысты энергия тапшылығын өткір сезініп отырған аймақтың бірі - Балқан түбегі. Черногория, Босния, Албания, Хорватия, Солтүстік Македония, Сербия мен Косовода жоғары температура адамдардың өмірі мен экономикада үлкен кедергі тудырды. Үлкен кәсіпорындардың жұмысы тоқтап, қаладағы бағдаршамдар өшіп қалған. Косовода ауа баптағыштарға деген сұраныс 400 пайызға артты. Бұл электр желісі үшін өте орасан ауыртпалық дейді мамандар. Елдегі басты энергетикалық компания электр қуатын шектеуге мәжбүр екенін ескертіп әлек. Өйткені бұл кәсіпорын қазір күніне 1 миллион еуроға сырттан келетін электр энергиясына шығындалып отыр.

Маргарита Рашиди, энергетикалық компанияның ресми өкілі:

"Климат бәріміз үшін үлкен сынақ болып отыр. Биыл қыстың өзінде адамдар үйін жылыту үшін ауа баптағышты жиі қолданып еді. Енді жазда керісінше үйін салқындату үшін көп қолданып жатыр. Аптап ыстық елде энергия тапшылығын тудырды."

Еуропа электр қуатына жарымай отырғанда, 10 айдан бері қарулы қақтығыс салдарынан энергиясыз қалған Газа секторындағы тігінші велосипедтің күшімен күн көріп отыр. Бейбіт кезде Раед Саадтың фабрикасында 20 адам жұмыс істейтін және олар Палестина ғана емес, көршілес елдерге өздері тіккен киімдерді экспорттайтын. Соғыс мұның бәрін тоқтатты. Тіпті Израиль әскерінің әуе шабуылы кәсіпорнын қиратқан. Жұмысшылардың бәрі өз бетімен кетті. Оларға төлейтін бұрынғыдай көлемді кіріс те жоқ. Бірақ қақтығыс болып жатса да күн көру қажет. Раед Саад ақыры мұның да амалын тапты.

Раед Саад, тігінші:

"Үйім де, фабрикамыз да жермен-жексен болған. Бүкіл Газа секторында электр тоғы жоқ. Баламалы энергия өндіретін түрлі жабдықтарды сататындар бар. Бұрын олар 130-ақ доллар тұрады. Қазіргі бағасы удай - 2600 доллар тұрады. Ондай ақша бізде қайдан болсын?! Сосын ескі бір белесебетті тауып алдым. Балаларым дөңгелекті кезек-кезек айналдырады."