Кореяда ыстықтан 20-дан астам адам қайтыс болды

Оңтүстік Кореяда аптап басылмай тұр.

20 - дан астам адам ыстықтан қайтыс болған. Табиғаттың тосын құбылысынан ел экономикасына айтарлықтай шығын келді. Толығырақ бізге осы елдегі тілшіміз Владислав Цой айтып бермек. Владислав, қайырлы таң! Қазір Сеулдегі ауа температурасы қандай?

Табиғат апаты қандай шығын әкелді? 

Оңтүстік Кореядағы меншікті тілшіміз Владислав Цой.

- Владислав, қазір Сеулдегі ауа температурасы қандай? 

– Қайырлы күн, қазір Оңтүстік Корея астанасында 32-34 градус ыстық. Мұндай температура Сеулде 23 күн қатарынан байқалуда. Дегенмен, кеше аптап ыстық сәл басылды. Ең төменгі температура 25 градус. Елдегі тропикалық түндердің орташа ұзақтығы 14,8 күн болды, деп хабарлайды Кореяның метеорологиялық басқармасы. Бұл 30 жылдық орташа көрсеткіштен үш есе көп екен. Ал тәуліктік максималды температурасы 33 градус немесе одан жоғары болатын қалыптан тыс ыстық күндер саны 16 күннен астам болды, бұл соңғы 3 онжылдықтағы орташа көрсеткіштен екі есе дерлік артық. Бұл күндері ыстық өту және күйік алу ықтималдығы жоғары. Ультракүлгін сәулелер индексі енді «жоғарыдан» «өте жоғарыға» дейін ауытқиды. 

- Табиғат апаты қандай шығын әкелді?

– Оңтүстік Кореяның Мемлекеттік басқару және қауіпсіздік министрлігінің мәліметі бойынша, 20 мамыр мен 11 тамыз аралығында дәрігерлердің көмегіне 2300-ге жуық адам жүгінген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 154 адамға көп. Ыстықтан 21 адам қайтыс болды, 703 мың мал, 895 мың балық қырылды. Электр энергиясын тұтыну күрт өсті, өйткені желдеткішсіз түнде тыныс алу қиын. Корея энергетикалық биржасының мәліметтері бойынша, бір тәулікте электр қуаты нарығының ішкі және сыртқы жалпы сұранысы 102,327 гигаватт деңгейінде бағаланады, бұл бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткіш, өткен жылдың 7 тамызындағы 100,571 ГВт бұрынғы рекордты жаңартты. Синоптиктердің болжамы көңіл көншітпейді, бұл ауа райы тамыз айының соңына дейін сақталады деп күтілуде.