Әлем елдерінде аттракциондар жұмысы қалай реттеледі?
Мәселен, Беларусь елінде қазір 187 аттракцион бар екен. Олардың 143-і механикаландырылған, қалғаны – судағы құралдар.
«Аттракциондар жұмыс істемей тұрып, сарапшылардың қатаң тексерісі мен сынақтан өткізіледі», – дейді мамандар. Дегенмен заңнама бойынша біразында әлі шешілмеген мәселелер бар екен.
Қырғызстанда аттракциондар қауіпсіздігі туралы қаулы қабылданған
Қырғызстан Үкіметі жақында аттракциондардың қауіпсіздігін бақылау туралы қаулы қабылдады. Ол бойынша ойын-сауық нысандарының дұрыстығын комиссия анықтайды. Құжатта аттракциондарға қойылатын техникалық талаптар егжей-тегжейлі көрсетілген.
Мелис Муратов, ҚР Табиғи ресурстар, экология және техникалық қадағалау министрлігінің өкілі:
- Бізде ведомстволық бағынышты Экологиялық және техникалық қадағалау қызметі бар. Үкімет қабылдаған жаңа қаулы бойынша аттракциондардың барлық түріне бақылау жасау қазір осы мекеменің құзыретінде. Аталған құжатқа сәйкес аттракциондардағы жағдайға солардың иесі жауапты. Бірақ әзірге біз айыппұл сала алмаймыз. Өйткені бұл жауапкершілік тиісті кодекстерге әлі енгізілген жоқ.
Ресейде аттракциондар туралы заң әлі жоқ
Аттракциондардың қауіпсіздігі туралы жалпыға бірдей ереже Ресейде әлі жоқ. Халық қалаулылары бұл жайында енді ғана ойланып жатыр. Аталған құжатты қабылдап үлгенген Санкт-Петербург депутаттары оны Мемлекеттік думаға ұсынды. Думаның Өнеркәсіп және сауда комитеті аттракциондар туралы заң жобасын бірінші оқылымда қабылдауды сұрап отыр.
Александр Бельский, Санкт-Петербург қаласы заң шығару жиналысының төрағасы:
- Аттракциондардың қауіпсіздігі – өзекті мәселе. Келеңсіз оқиғалар үнемі болып тұрады. Басты себеп – құрал-жабдықтың өте қатты ескіруі және техникалық ақаулар. Ал бізде бүкіл ел бойынша аттракциондарды тіркеу, пайдалануға беру және бақылау бойынша бәріне ортақ ережелер әлі жоқ. Бұл заңды Мемлекеттік дума қабылдауға тиіс.
АҚШ-та аттракциондарды үкімет және әкімшіліктер қадағалайды
Алыстағы АҚШ-та карнавалдар мен жәрмеңкелердегі аттракциондарды федералды үкімет бақылайды. Ал тұрақты ойын-сауық парктерін штат әкімшіліктері қадағалайды.
Авторы: Ернат Мелсұлы.