Камала Харрис «Мүмкіндіктер экономикасын» құруды ұсынды

Демократ Камала Харрис АҚШ президенті болып сайланса, орта тапқа барынша қолайлы жағдай жасауға уәде берді.

Бұл туралы вице-президент Солтүстік Каролинада өткен дауыс берушілермен кездесуде мәлімдеді. Айтуынша, АҚШ-тағы жұмысшы және орта тап ел экономиаксының қозғалтқыш күші саналады. Ол үшін Харрис Америкаға тың инвестиция тартып, жаңа жұмыс орындарын құруды және салықты едәуір азайтуды ұсынды. Осылайша, америкалықтардың өмірін жеңілдету үшін вице-президент «Мүмкіндіктер экономикасын» құруды көздейтінін хабарлады.

Камала Харрис, АҚШ вице-президенті:

- «Мүмкіндіктер экономикасын» cіздердің көмектеріңізбен құра аламыз. Оны құрудың кілті – орта тапты нығайту. Бұл өте маңызды. Себебі көптеген америкалықтар күнделікті өмірлерінен шаршаған. Қымбатшылық шегіне жетті. Шығындардың азаяр түрі жоқ. Президент ретінде мен орта таптың экономикалық қауіпсіздігін, тұрақтылығын және қадір-қасиетін арттыруды қолға алмақпын. Сонымен қатар балалары бар отбасыларға, олар бір жасқа толғанға дейін 6 000 доллар көлемінде салықтық жеңілдік беремін.