Түркияда орман өртіне қатысы бар деген күдікпен 7 адам ұсталды
Түркияның батыс өңірлерінде өрт өршіп тұр, деп хабарлайды 24kz.
Әсіресе, Измир, Айдын, Болу, Мұғла мен Маниса провинцияларында ахуал мүшкіл. Бұл аймақта осы аптада 131 рет жалын шарпыған.
Меруерт Қанағат, тілші:
- Түркия елдің әр қиырынан шыққан орман өрттерімен арпалысып жатыр. Өршіген өрт, әсіресе, елдің батыс өңірлеріндегі төтенше жағдай департаменті қызметкерлеріне тыным бермей тұр. Өрттің жиі тіркелуіне аптап ыстық пен секундына 18-26 метрге дейін соққан екпінді жел себеп. Соның салдарынан соңғы бір аптада ел аумағында 131 ауыл шаруашылығы және орман өрті шыққан.
Ибрахим Юмаклы, Түркияның ауыл шаруашылығы және орман министрі:
- Бұл өрттердің бірі Айдында, екіншісі Измир Каршиякада болды. Сондай-ақ Маниса Гөрдес, Болу Гөйнүк және Карабүк Оважыкта да өрт бар. Алайда метеорологиялық жағдайлар, әсіресе, жел бағытының өзгеруі бұл өрттердің қайта тұтануына себеп болып отыр. Қауіпсіздік ережелерін сақтап, 15 қыркүйекке дейін өртке қарсы дабыл жағдайында екенімізді ұмытпайық.
Әрбір шыққан орман өрттеріне байланысты тергеу жұмыстары басталып, бірнеше кісі ұсталды. Қазір өрттің абайсызда немесе қасақана шыққандығы жөнінде зерттеу жүріп жатыр. Сондай-ақ елдің ақпарат басқармасы тілсіз жауға байланысты жарияланған дезинформацияға қатысты үздіксіз ақпарат таратып отыр.
Али Ерликая, Түркияның ішкі істер министрі:
- Измирде 7 адам қамауға алынды. Болудың Гөйнүк ауданында 2 кісі тұтқындалып, 2 адамға қатысты сот бақылауы белгіленді. Бірақ кешке қарай Тиредегі қамауға алынған 3 адамға қатысты сот өз бағасын беріп, шешімін шығарды. Олар да тұтқындалды. Осыған байланысты Ешмеде де бір күдіктінің бар екенін Орман шаруашылығы аймақтық басшысы, әкіміміз және жандармерия өкілдері айтты.
Түркияның батысында ауқымды орман өрттері салдарынан 4000-ға жуық тұрғын эвакуацияланды.
Сүлейман Элван, Измир губернаторы:
- Төтенше жағдайлар тобы жедел әрекет еткенімен, өрт белгілі бір мөлшерде таралып үлгерді. Ауданда 440 үйден тұратын жазғы тұрғын кешеніне қауіп төнді. Өрт бұл орыннан басқа ешқандай елді мекенді қауіп-қатерге төндірмейді. Тұрғындарымыздың басым бөлігі ескертуден соң үйлерінен кетті. Алайда, 34 азаматымыз соңғы сәтке дейін кетуден бас тартқандықтан, оларды жолдағы қауіпке байланысты жағалау күзетінің қайығымен теңіз арқылы эвакуацияладық.
Түркияда орман өртін тудырған азаматтарға 3 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал, орманды қасақана өртеген жағдайда кем дегенде 10 жылға сотталады.
Айта кеткен жөн, Түркияда орман алқабының көлемі республиканың жалпы аумағының 29,8%-ті құрайды.
Авторы: Меруерт Қанағат