Әлемнің әрбір төртінші елінде мектептерде смартфонға тыйым салынған

Жаңа оқу жылы, жаңа талаптар. Әлемнің бірқатар елі биылғы оқу жылында ұялы телефонсыз білім беру жүйесіне жаппай көшпек, деп хабарлайды 24kz.

ЮНЕСКО ұйымы былтыр әлем елдеріндегі білім мекемелерінде ұялы телефон қолдануға тыйым салу бастамасын көтерген. Өйткені смартфонға назары ауған баланың сабаққа зауқы болмай, оқу үлгерімі төмендейді. Ұйымның үндеуінен соң бірнеше ел заң жүзінде шаралар қабылдады. Нәтижесі бар ма?

 

АҚШ мектептерінде ұялы телефон пайдалануға болмайды  

АҚШ-тың 10 штатында мектепте ұялы телефон қолдануға тыйым салынған. Дегенмен, білім беру басқармасы мамандарының айтуына қарағанда, оқушылардың көбі тәртіпке бағынбайды. Осыған байланысты билік биыл талаптарды күшейтті. Басты себеп – мектептегі кибербуллинг. 2019 жылдан бері буллинге қатысты оқушылар бір-біріне таратқан 8,5 миллионнан астам жазба Google Docs арқылы талдауға түскен. Кейбір штаттарда жаңа оқу жылы тамызда басталғандықтан, ұялы телефонсыз білім беру жүйесі қазірден күшіне енді.

Линдси Мачак, Рок-Хилл мектебінің өкілі:

- Әзірге шаралар біртіндеп жүргізіліп жатыр. Әзірге оқушылардың телефонды өзімен бірге алып келуіне ғана рұқсат бар. Ал сабақ үстінде пайдалануға болмайды. Оқушылар өздері саналы түрде бас тарту үшін олардың психологиясымен де арнайы жұмыс істейтін боламыз.

 

Ұлыбритания мектептерінде оқушыға телефон ұстатпайды

Биыл ақпанда Англия билігі де мектепте телефон ұстауға заң жүзінде тыйым салды. Алайда, тәртіпке бағынатындар аз. Енді талап күшейді. Биылғы оқу жылынан бастап оқушылар толық тексерістен өткеннен кейін ғана сабаққа қатысады. Мұғалімдер оқушының сөмкесін тінтіп, қарап шығуға толық құқылы. Ресми дерекке сүйенсек, елдегі 12 жасқа дейінгі балалардың 97%-і телефоннан бас алмайды. Бұл ретте Ұлыбритания білім министрлігінің өкілдерінің айтуынша, құрылғыға құмарлық кибербуллингке, алаңғасарлық пен психикасының бұзылуына әкеп соғады. «Салдарынан оқушының оқу үлгерімі төмендейді», - деп мәлімдеді.

Әйел (цитата):

- Мектеп – оқушының білім алатын ордасы. Ал, смартфон сананы улап, кей контенттер баланың ойлау қабілетіне теріс әсер етеді. Мектепте жиған білім әр оқушыға сіңімді болуы үшін артық, алаңдататын гаджеттерді шектеу керек.

 

Мектепте смартфонға тыйым салған ел көп

Әлемнің әрбір төртінші елінде мектептерде смартфонға тыйым салынған. Мәселен Франция 2018 жылы енгізді. Дәл сол жылы Қытайдың Шандунь провинциясы да сабақ барысында телефоннан бас тартқан. Соның арқасында қазір электронды құрылғыны пайдалану 30%-ке дейін төмендеген. Италияда мұғалімдер таңертең оқушылардың смартфондарын жинап алып, дәріс аяқталғанда қайтарады. Алайда, бұл енді «оқу орындарына телефондарды әкелуге болмайды» деген сөз емес. Оларды білім алушылар мен ұйым қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда пайдалануға болады. Биыл бұл үрдісті құптағандардың қатарына Нидерланд қосылды. Бірақ іс жүзінде ғана, әзірге тәжірибе заңды күшіне енбеген. 

Мектепте ұялы телефонға тыйым салған елдер

Франция 2018 ж

Қытай 2018 ж

Италия 2022 ж

Израиль 2021 ж

Кипр 2022 ж

Ресей 2023 ж

Грекия 2023 ж

Малайзия 2023 ж

Нидерланд 2024 ж

Жалпы жүргізілген сауалнамалар байынша телефонсыз білім беру жүйесін көп ата-ана қос қолдап қолдайды. Өйткені технология озып тұрған заманда телефон тұрмысқа әбден еніп кетті. Жас ұрпақтың дертіне айналды.