Толассыз жауын: Коннектикут штатында төтенше жағдай жарияланды
АҚШ-тың Коннектикут штатында ақжауын селдетті, деп хабарлайды 24kz.
Мыңдаған тұрғын баспанасыз қалып, бірнеше аймақта төтенше жағдай жарияланды. АҚШ-тың Төтенше жағдайларды басқару және ішкі қауіпсіздік департаменті бұл тасқынды бұрын-соңды болмаған апатқа теңеді. Мәселен, кейбір қалада жауын-шашын деңгейі 30 см-ге жетті. Штаттағы бірнеше қаланың инфрақұрылымына зақым келіп, жүздеген адам эвакуацияланды. Өкінішке қарай, құтқарушылар жеткенше тілсіз жау егде жастағы екі адамның өмірін қиды. Олар Оксфорд қаласының 65 және 71 жастағы тұрғындары. Өңір басшысы штатта төтенше жағдай жариялап, халыққа көмек көрсетілетінін айтты. Алайда нақты қашан, қандай мөлшерде екені белгісіз. Себебі шығын әлі де есептеліп жатыр. Бір анығы елдің Федералды төтенше жағдайларды басқару агенттігі зардап шеккендерге жергілікті биліктен, штаттан, және федералды биліктен көмек көрсететуді жоспарлап отыр.
Маршал Шепард, метеоролог, НАСА зерттеушісі:
- Табиғат апаттарының болып жатқанын елеусіз қалдыруға болмайды. Табиғаттың айтқанына қарсы келе алмаймыз ғой деп қол қусырып отыруға болмайды. Онымен күресуде барымызды салуымыз керек. Тіпті жаңа технологияларды да қолдануымыз керек. Сонымен қатар табиғат апаттарымен күресу үшін қоғамның әлсіз топтарына ерекше мән беруіміз керек.
Жалпы АҚШ-тың Ұлттық климаттық бағалау орталығы осындай табиғат апатынан зардап шеккендердің ішінде 4 осал топты анықтаған. Олар егде жастағылар, балалар, жағдайы жоқ және қара нәсілді азаматтар. Мамандардың айтуынша, мемлекет тарапынан дәл осы 4 топқа кезексіз көмек көрсетілу керек.