Қытайда балық аулау маусымы ашылды
Қытайдың жағалауларында бұрын-сонды болмаған кеме кептелісі қалыптасты, деп хабарлайды 24KZ.
Оған балықшылардың жаппай теңізге шығуы әсер еткен. Салдарынан халықаралық сауда жолдарында қауіп артты. Бірнеше күннен бері кемелердің соқтығысу оқиғалары жиіледі. Ал елдің теңіз күштері судағы бақылауды күшейтуге мәжбүр.
Кептелісті жасаған балықшылар. Елде 1 мамырдан бастап балық аулауға салынған тыйым күшін жойды. 3,5 ай бойы табыссыз отырған жұмысшылар шешім шыға сала лап қойды. Бір мезетте 55 мың кеме ашық теңізге аттанды. Қазір Оңтүстік және Шығыс Қытай теңіздерінде су көліктерінің қозғалысында қауіп артты.
Инь Фэн, Фанчэнган теңіз басқармасының қызметкері:
- Балықшыларды теңізге 4 кезеңге бөліп жіберіп жатырмыз. Балық аулауға арналған кемелердің әлі жартысы да шыққан жоқ. Бүгінгі күнге дейін 43% жөнелттік. Бас-аяғы 120 мың кеме ау салуға аттанады.
Қазір Қытайдың көлік министрлігі судағы бақылауды күшейткен. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін патрульдеу кемелері, теңіз тікұшақтары әуеге көтерілді. Кейбір аймақтарда дрондар пайдаланылып жатыр.
Чжан Сяншан, ҚХР көлік министрлігі теңіздегі қауіпсіздік басқармасы директорының орынбасары:
- Маусым кезінде кемелердің соқтығысу тәуекелдігі артады. Бұл маңайда негізінен тауар тиелген коммерциялық алып кемелер жиі қатынайды. Әсіресе Тайвань бұғазы аса қауіпті. Жалпы 130 порттық аймақ қауіпті саналады. Төтенше жағдайды болдырмас үшін 24 сағат бойы бақылау жүргізіп жатырмыз.
Осы уақытта елдің түкпір-түкпірінен жиналған халық жағалауда маусымның ашылуын тойлайды. Теңізден олжалы қайтқан балықшыларды күтіп алып, сауда-саттық күндіз-түні қызады. Теңіз өнімдері жәрмеңкеге шығарылып, аукцион арқылы сатылады.
Линь Хунцян, Чжаньцзян мәдениет, туризм және спорт бюросының жетекшісі:
- Бұл іс-шара 26 жылда дәстүрге айналды. Осының арқасында бұл аймақты «Теңіз өнімдерінің орталығы» деп атап кеткен. Екі күнде 30 мың адам жиналды. Қоғамдық тамақтану орындары мен сауда орындары лық толды. Туристер де, алыпсатарлар да күндіз-түні сауда жасайды.
Жергілікті билік маусымдық шараны саудадан бөлек, туризм бағытында да ұтымды пайдаланып отыр. Жаңадан ауланған су маржандары ерекше бағаланады. Фестивальдер ұйымдастырылып, атақты аспаздар ас әзірлеп, туристерді тартады.
Хуан Цзиньцян, аспаз:
- Фестивальге арнайы шақыртумен келдім. Жұрт осы фестивальді жыл бойы күтеді. Тіпті шетелден келетін туристер де бар. Себебі теңізден ауланған балықтар ерекше дәмді болады. Жұрт түрлі тағамға тапсырыс беріп, қап-қап теңіз өнімдерін сатып алады.
Айта кету керек, маусымдық тыйым салу 1995 жылдан басталған. Бұл шешім балық ресурсы күрт азайып, табиғи тепе-теңдік бұзыла бастаған соң қабылданған. Енді мұны қытайлықтар туризм бағытында тиімді пайдаланып отыр.
Авторы: Руслан Бақытбекұлы.