Әлем елдері кәсіпкерлікті қалай қолдап жатыр?

Кәсіпкерлікті дамыту – мемлекетті дамытудың кепілі.

Сондықтан болар әр ел бизнес бастаймын деушілерге барынша жағдай жасауға тырысады. Сонымен әлем елдері кәсіпкерлерге қандай қамқорлық танытуда? Толығырақ келесі бейнематериалда.

Бүгінде әлем бойынша бизнеспен айналысуға ең қолайлы ел –Жаңа Зеландия. Мемлекет кәсіпкерлерді қанатының астына алып, қамқорлық танытқаны соншалық, өз алдына бизнес министрлігін ашып берген. Дәл осы мекеме келтірген дерекке сәйкес Жаңа Зеландияда жұмыс істейтін компаниялардың 97% бүгінде шағын және ұсақ бизнеске жатады. Олардың жалпы ішкі өнімдегі үлесі – 25%. Айта кетерлік тағы бір жайт, Жаңа Зеландия заңы бойынша мұндай кәсіпорындарда еңбек ететін қызметкерлердің саны 20 адамнан аспауы тиіс. Әлем елдерінде әдетте шағын компанияларда 50 қызметкерге дейін жұмыс істей алады. 1Жұмысшы санына шектеу қоюдағы басты мақсат – мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың дәл осы санаттағы фирмаларға жетуі», – дейді билік өкілдері. Жалпы бүгінде Жаңа Зеландияда кәсіпкерлерді қолдауға арналған 20-дан аса мемлекеттік бағдарлама бар.

Мемлекет тарапынан жүйелі ұйымдастырылған қамқорлықты Сингапурде жүрген кәсіпкерлер де сезініп отыр. Әсіресе шағын бизнес өкілдері. Мәселен, елде ең төменгі жалақы мөлшері бекітілмеген. Яғни, компаниялар мен жұмысшылар еңбекақы мөлшерін өзара келіседі. Оған Сингапур заңы бойынша рұқсат етілген. Бұл – жаңадан ашылған кәсіпорындардың жылдам дамуы үшін жасалған қадам. Дамыған мемлекеттерде мұндай норма өте сирек кездеседі. Бұдан бөлек, шағын және орта бизнес өкілдеріне салықтық жеңілдіктер де қарастырылған. Мәселен, мемлекет алғашқы 100 мың доллар табыстан алынатын салықтың 75% кешіреді. Компания екінші рет 100 мың доллар табыс тапса, салықтың тек 50% ғана өтейді.

Ал Скандинавия елдері арасында бизнес жүргізуге ең жайлы мемлекет Швеция саналады. Мұнда инвестиция салуға ең тиімді сала – ақпараттық технологиялар мен инновациялар. Сондықтан болар Стокгольм – бүгінде стартап-компанияларды іске қосу бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі. Мұндай көрсеткішке жету үшін ел билігі үнемі кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді. Университеттерде бизнес-инкубаторлар ашылған. Сонымен қатар кәсіпкерлік министрлігі жанынан ресми инновациялық агенттік құрылған. Ол жергілікті компаниялар мен ғылыми-зерттеу институттары арасындағы қарым-қатынасты реттеуге күш салып, жаңа жобаларды инвестициялайды. Бұдан бөлек, түрлі стартаптарға грант бөледі.

Ал Үндістанда кәсіп ашуға бел буған азаматтар мемлекет тарапынан қаржылай қолдау ала алады. Стартаптар салықтан босатылады. Жылына 60 мың доллардан кем табыс табатын кәсіпорындар да бюджетке түсім жасамауына рұқсат етілген. Арменияда да осыған ұқсас жүйе қалыптасқан. Бір ғана айырмашылық, жылдық табыс 50 мың доллардан аспауы тиіс. Инженерлік және IT-компаниялар мүлдем салық төлемейді. Ал Гүржістандағы жеке кәсіпкерлер 11,5 мың доллардан аса табыс тапқанда ғана бюджетке түсім жасауы керек. Оның өзінде 1% ғана.