Түркияның алғашқы атом электр станциясы

Түркия кейінгі жылдары энергетикалық стратегиясын қайта қарастырып толықтырды.

Басты міндет, тұрақты әрі қауіпсіз қуат көздеріне қол жеткізіп, сыртқы энергетикалық тәуелділікті барынша азайту. Осы мақсатта елде тұңғыш атом электр станциясын салу қолға алынған.

Түркияда электр қуатын әртүрлі меншік нысанындағы 30 мыңнан астам электр станциясы өнідреді. Шілде айында оның жалпы көлемі 112 999 МВт құрады.

Оның 28,5% гидравликалық энергия, 21,9% табиғи газ, 19,3% көмір, 10,9% жел, 15,6% күн, 1,5% геотермалды пайдалану арқылы өндірілсе, қалған 2,4% басқа көздерден алынған.

Түркияда 1 айда өндірілген электр энергиясының көлемі - 112 999 МВт

Қуат көздері:

гидравликалық энергия -  28,5%

табиғи газ -  21,9%

көмір -  19,3%

жел -  10,9%

күн - 15,6%

геотермалды - 1,5%

басқа -  2,4%

Десе де, жаһандану үдерісімен қатар технологияның дамуы, халық санының көбеюі сияқты түрлі факторларға байланысты елде энергия ресурстарына деген сұраныс артқан. Соңғы жылдары Түркия энергияны тұтыну жылдамдығы бойынша әлемде Қытайдан кейінгі екінші орынға көтерілді. Алайда бауырлас ел электр энергиясының көп бөлігін шетелден импорттайды. Осы себепті ресми Анкара  мәселені атом электр станцияларын салу арқылы шешуге бел буған.

Оғузхан Ақйенер, Түркия энергетикалық стратегиялар және саясатты зерттеу орталығының басшысы:

- Түркияның энергетикада шетелге тәуелділік деңгейі 76- 78% арасында. Қазір еліміз оны азайту үшін көптеген жобаны жүзеге асырып жатыр. Атом энергетикасы соның бірі. 4 реакторлы «Аккую» атом электр станциясы іске қосылғанда Түркияның сыртқы энергетикалық тәуелділігі 5-6% азаяды. Оның үстіне әлемде климаттың өзгеруі, су ресурстары тапшылығы сияқты мәселелерді ескеруіміз керек. Осы тұрғыдан алғанда атом энергетикасы келешекте елімізде ең маңызды энергия көзіне айналатынына сенімдімін. 

Түркияда «Аккую» атом электр станциясының құрылысы ресми түрде 2015 жылы басталды. Нысан Ақ теңіз жағалауындағы Мерсин провинциясының Гүлнар ауданында салынып жатыр. Түркия оны Ресеймен бірлесіп тұрғызып жатыр. Станция толық іске қосылғанда елдегі жалпы электр энергиясының 10%-ын өндіретін болады. 20 млн тұрғыны бар Ыстамбұл жарықпен қамтамасыз етіледі.  

Реджеп Тайип Ердоған, Түркия Президенті:

- Қазір елімізде Аккую атом электр станциясының құрылысы жалғасуда. Оның барлық реакторлары 2028 жылы іске қосылады. Онда жыл сайын 35 миллиард киловатт-сағат электр қуаты өндірілетін болады.

Сарапшылар атом электр станциясы дегенімізде ойымызға бірден Чернобыль, Фукусима және Три-Майл-Айленд апаттары түседі. Алайда бұл қуат көзінің артықшылығы көп. Ол ең алдымен көміртегісіз қуат көзі болып табылады. Сондай-ақ оны салуға көп жер қажет емес әрі электр желілерін энергиямен тұрақты қамтамасыз етеді дейді. Қоршаған орта және энергетика саласы бойынша сарапшы Хуршат Тосунның айтуынша бұл істе ең бастысы озық технологиялар қолданылып, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға мән берілуі керек.  

Хуршат Тосун, қоршаған орта және энергетика сарапшысы:

- «Аккую» атом электр станциясын салу үшін өткен ғасырдың жетпісінші, сексенінші жылдары Синоп және Инелі аралдары таңдап алынды. Түркияның сейсмологиялық жағдайын ескерсек, бұл ең қауіпсіз жерлер болып саналады. Және ең маңыздысы оны салқындатып тұру үшін қажетті су айдыны маңында тұрғызылуы. Екеуі де теңіз жағалауында. Нысанның құрылысын бастамас бұрын көптеген сынақ жүргізілді. Бұл зерттеулер оның жер сілкінісі, дауыл, су тасқыны және цунами сияқты төтенше сыртқы әсерлерге төтеп беру қабілетінің жоғары екенін көрсетті.

Ақкую АЭС-інің пайдалану мерзімі 60 жыл деп жоспарланған. Оны тағы 20 жылға ұзарту мүмкіндігі бар. Нысан іске қосылған соң 4 мың адам жұмыспен қамтылмақ. Бұдан бөлек Түркия қазір Қара теңіз жағалауында орналасқан Синоп қаласында екінші атом электр станциясын салуды қарастырып жатыр. Бірақ бұл жоба қашан және қай елмен бірлесіп жүзеге асырылатыны әзірге белгісіз.

Меруерт Қанағат