Жылқы психологиясы – әлемдік иппологияда өзекті тақырып. Шартарап

Жылқы жайлы тегін әңгіме қозғап отырған жоқпыз.

Арқа төсін дүбірлетіп жатқан Көшпенділер ойынының көрігін қыздырып жатқан әрине Қамбар ата түлігі.

Иә, көшпелі өмір кешкен ата-бабамыздан қалған тірі мұра бұл. Биылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында тек спортшыларға емес, осы жылқы баласының да бағы сыналып жатыр.   

«Аттың сыры иесіне мәлім» дейді қазақ. Шартарап айдарында, қазақтың осы бір ауыз сөзінің мән-маңызына әріптесім Фариза шолу жасайды.

Бұл ретте,әлемдік зерттеушілер жылқы малының психологиясы туралы бірқатар деректер ұсынады. Бұл жөнінде Шартарапта айтамын.

Жылқы психологиясы – әлемдік иппологияда өзекті тақырып

Ат спортының бір ерекшілігі тек спортшының мықтылығы емес, жылқының да психологиясы сыналады. Егер жарыс алдында иесі қобалжыса, оны астындағы аты бірден сезеді. Әлемдік зерттеушілердің еңбегінде жылқы адамның эмоциясын көзінен таниды деген деректер бар. Ал адам ше? Шабандоз жарыс алдында атына жақсы көңіл бөлсе, аты да жүйткіп сала бермек. Өкініштісі, жылқы мен иесі бір-бірін ұқпайтын кездер көп кездеседі.

Мәселен, тақауда өткен Париж жазғы Олимпиада ойындарынан Ат спортынан үш дүркін әлем чемпионы Шарлотта Дюжарден есімді британдық шабандоз қыз ойыннан шеттетілді. Спортшының жаттығу кезінде өзінің жылқысын аямай соққан видеосы әлеуметтік желіде тарап, көпшіліктің сынына ұшырады. Ол өзінің атын 1 минутта 24 рет ұрған. Осы әрекетіне байланысты Дүниежүзілік ат спорты федерациясы спортшыны 6 айға барлық жарысқа қатысуына тыйым салды. Бұл ретте жылқының қабілеттерін зерттеп жүрген ғалымдардың пікіріне сүйенсек, жылқылар да бәйгеге түсер кезде адам сияқты қобалжиды.  

«Кез келген жылқы өзінің иесінен бір рет болсын таяқ жесе, ол өмір бойы жақсы қарым-қатынас көрсетпейтін болады. Жылқылар орташа есеппен 500-700 келі болғанымен, олар денесіне тиген қандай да бір ауырсынуды сезеді. Олардың миы адамның миы сияқты шексіз ойлау қабілетіне ие болмауы мүмкін, бірақ адамға сол қабілетті бергеннен кейін, жануарға жылы қабақ таныту керек».
Джанет Джонс, философия ғылымдарының докторы, «Horse brain, human brain» кітабының авторы  

Жылқы психологиясы әлемдік иппология ғылымында өзекті тақырып. Бұл ретте қазақтың жылқыны «есті жануар», «тілсіз адам» деуі бекер емес. «Ат иесі бір нәрсеге душар боларда, жер тартып кісінейді, байлауға көп тұрмай пысқырады. Жақсы ат иесіне келетін пәлені үш жыл бұрын біледі» деген деректер бар. Бұл да дала жануарының қасиетін аңғартады.

«Жылқылардың кез келген нәрсеге алаңдап тұрғанын, құлағын қайшылауынан, бір орыннан екінші орынға тыпыршып, құйрығын қайта-қайта бұлғақтатуынан байқауға болады. Көбіне маңызды жарыстардың алдында осындай әрекеттерді көп байқадық».
Сью Макдоннелл, Пенсильвания университетінің ветеринария бойынша профессоры, жылқытанушы

Перуде пасо жылқысы клондалды

Әлемде 400-ден астам жылқының түрі бар. Байырғы заманнан келе жатқан жануар болғандықтан, олардың жойылып кетпей, санын көбейту маңызды. Өткен айда Перуде Пасо-Фино жылқысының клондалған биесі дүниеге келді. Бұл ғылым саласындағы айтарлықтай жетістік. Өйткені күрделі тәжірибелер қолданылған. Перу университеті зерттеушілерінің айтуы бойынша, бұл жануарды клондаудың мақсаты – генетикалық құндылығы жоғары жануарларды сақтау және көбейту. Пасо фино тұқымы төрт жүз жылдан астам уақыт бұрын Оңтүстік Америкада пайда болған. Бұл тұқымдас жылқылар қазірде АҚШ-та көп тараған. Шамамен 50 мыңнан астам түрі бар.

Уильям Бардалес Эскаланте, Перу ұлттық ғылыми зерттеу институтының директоры:
- Бұл жылқыға 2017 жылы Перудің ұлттық мұрасы деген атақ берілді. Сондықтан оны сақтау әрі көбейту өте маңызды. Әлі де зерттегіміз келетін дүние көп. Жылқының адамзат білмейтін құпиясы көп секілді.

Пржевальский жылқысының саны көбейіп келеді

Дала экожүйесі мен онда тіршілік ететін негізгі түрлерді сақтап қалу бүгінгі күннің міндеті. Бұл ретте жүзеге асырылған істің бір парасы – биыл қазақ жерінен бір кездері тып типыл жойылып кеткен Пржевальский жылқыларының қайта оралуы. Керқұлан, Кертағы деп те атайды. Оларды әкелудегі басты мақсат жерсіндіріп, санын көбейту. Яғни алдағы 3-4 жыл ішінде 8 бас Пржеваль жылқыларардың санын 40-қа дейін жеткізу. Қызық дерек: осыдан 4 жыл бұрын АҚШ-та 1980 жылдан бері мұздатқыш камерада сақталған Пржевальский жылқысының гені арқылы Курт атты құлын пайда болды. 90-жылдары бар болғаны 12 Пржевальский жылқысы ғана болған. Ғалымдар оларды сақтап қалып, көбейте алды. Қазір әлем бойынша осы 12-ден тараған 2 мыңдай жылқы бар.

Роман Водичка, Прага зообағының бас ветеринары:
- Ғалымдар үшін Орталық Қазақстанда бұл жабайы жылқылардың болуы өте маңызды.
Себебі Қазақстан даласындағы эко­жүйе мен халық тіршілігі үшін керқұланның маңызы зор. Жылқы жануары да алғаш рет осы жерде қолға үйретілгені жайлы дерек көп. Сондықтан бұл жылқылардың жазық далада жайылуын бір ауыздан жөн көрдік.

Ендеше төл тарихымызды сақтау бүгінгі күннің еншісінде.