Оңтүстік Кореяның Чхонан қаласында қазақстандықтардың саны 8 мыңға жетті

Астанадағы дүниежүзілік көшпенділер ойындарына оңтүстік кореялықтар да үн қосты.

Чхонандағы фестивальде ұлттық ойындарымыз асық ату мен тоғызқұмалақ ойыны көрсетілді.

Дүниежүзілік мәдениет фестивалінде қазақстандықтар белсенділік танытты. Ұлттық киімдерін киіп келген олар жергілікті тұрғындарды қазақ тағамдарымен таныстырды.

Чхонанда өткен фестивальде Қазақстаннан келген қатысушылар астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының өтіп жатқанын жергілікті тұрғындарға насихаттады. Корейлерге тоғызқұмалақ, асық ату, ләңгі ұлттық ойындары таныстырылды. Оңтүстік Кореяда да осындай ойын бар, оны чеги чаги деп атайды.

Чхонан тұрғыны Айгүл Ерғазина кофе дәндерін қолданғаннан кейін қалған қаптардан киіз үйдің макетін жасады. Тағы бір жерлесіміз Камила Мәтен қазақтың киіз үйі бейнеленген торт әзірледі.

Жазира Әнуарбекқызы, Чхонан қаласының тұрғыны:
- Сатылмағандықтан өз қолымызбен жасадық. Ыдыстарды біз ата-анамызға айтып, өз елімізден жеткіздік осы жаққа. Сол жағы сәл қиындау болды, бірақ қалғандары оңайға түсті. 

Чхонанда 5 мыңға жуық көп мәдениетті отбасы тұрады. Олардың саны бойынша қала Оңтүстік Кореяда 3-ші орында. Сондықтан мұнда дәстүрлі түрде жылына екі рет Чхонан мэриясының алдындағы алаңда шетелдіктердің қатысуымен фестиваль өтеді. Биыл бұл шарада қазақ мәдениеті алғаш рет көрсетілді. Өйткені бұл қаладағы қазақстандықтардың саны қазірдің өзінде 8 мың тұрғынға жетті.

Юн Ён Хан, Чхонан қаласы көпмәдениетті отбасыларды қолдау орталығының директоры:
- Бүгінгі фестивальдің арқасында шетелдіктер корей мәдениетімен, корейлер шетел мәдениетімен танысады.
Чхонан Сеулге жақын орналасқандықтан, қала халқының саны жыл сайын артып келеді. Мұнда көлік инфрақұрылымы дамыған. Сондықтан бізге шетелдіктер мен Кореяның басқа аймақтарының тұрғындары келеді.

Чхонан әкімшілігі көпмәдениетті фестивальге үлкен мән береді. Өйткені басқа өңірлердің көпшілігінде туу көрсеткішінің төмендігінен халық саны азайып жатса, бұл қалада шетелдіктердің арқасында тұрғындар саны көбейіп, биыл 700 мың адамға жетті.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян