Сарапшылар: Испанияда АЭС азаюы ел экономикасына кері әсер етеді
Испанияның атом электр стансыларының жабылуы корольдіктің экономикасына кері әсер етуі мүмкін.
Еуропалық сарапшылар осылай деп дабыл қағып отыр. Мәселе былтыр қабылданған «Радиоактивті қалдықтарға арналған бас жоспарда» болып отыр. Аталған құжатқа сәйкес жаңа АЭС-терді салудың орнына елдегі бар ядролық энергетика нысандарын алдағы онжылдықта жабу көзделген. Оның салдары қандай болуы мүмкін?
Испания жаппай күн мен жел энергиясына өтіп, ядролық энергетикаға тәуелділікті азайту үшін елдегі барлық атом электр стансыларын жабуды жоспарлап отыр. Алайда бұл қадам Испания экономикалық тұрғыдан әлсіретуі мүмкін.
Джулиан Мор, Climatebase климаттық технологиялар және ақпарат платформасының редакторы:
- 10 жылда атом энергетикасынан бас тарту үкіметке де, қарапайым халыққа да ауыр болуы мүмкін. Бұл тым қысқа уақыт және тікелей электр бағасына әсер етіп, қымбатшылыққа әкелуі ықтимал. АЭС-тің өзі де арзан дүние емес. Бірақ газ бен көмірден шығатын зиянды қалдықтардың климатқа тигізер кері әсері одан да қымбатқа түседі. Сарапшылар Испанияның күн мен жел энергиясына өтуге толық мүмкіндігі бар екенін алға тартады. Бірақ олардың АЭС-ті алмастыруға шамасы жетеді дегенге күмән бар. Себебі АЭС тұрақты түрде 12 жылдан бері Испанияның электр қуатының 20%-ін өндіріп отыр. Ал күн мен желде тұрақсыздық бар.
Игнасио Аралусе, Foro Nuclear ұйымының президенті:
- Дәл қазір жел диірмендеріне қатысты стансылар мен жобалар жұмысында кешігу байқалады. Күн мен жел үшін энергия қоймалары мен оны сақтап тұратын батареялар қажет. Артық қуат сонда сақталады. Ол да – қымбат дүние. Меніңше, үкімет шешімін қайта қарап, өзгертуі тиіс. АЭС-тен бас тарта салуға дайын емеспіз.
Сала мамандарының сөзінше, АЭС-тердің жабылуына аталған нысандар орналасқан өңірлер де дайын емес. Атом электр стансыларының арқасында дамуға тың серпін алған Трильо сияқты қалашықтар қаңырап қалуы мүмкін. Жұмыссыздық, жаппай көшу мен электр бағасының өсуі қара халықтың да, өндірістің де ахуалын қиындатуы ғажап емес.
Сауалнама:
- АЭС қолжетімді электр бағасына кепілдік болып отыр. Оның жабылуы бағаны аспандатып жібере ме деген уайым бар.
- Мен қоршаған ортаға зиян келтірмейтін энергия көзінің болғанын қалаймын. Газ бен көмір ғаламшарымызға кері әсер етеді. Үкімет қауіпсіз жолға бастауы керек.
- Испанияға атом энергиясы аса қажет. Әсіресе қазіргі энергетикалық дағдарыс кезінде. Ақыр соңында Франция АЭС-терінде өндірілген электр қуатын алғалы отырмыз. Мен бұл шешімді түсінбеймін. Біз не үшін қымбатырақ әрі тұрақтылығы күмән тудыратын қуат көздеріне арқа сүйеуіміз керек? Өзімізде бола тұра шетелге қол жаю дұрыс па? Бұл – қазіргі солшыл үкіметтің саяси амбициясы.
АЭС-терді жабу туралы шешімді расымен де Испанияның қазіргі солшыл үкіметі қабылдаған. Егер билікке оңшылдар келетін болса, атом электр стансыларының қызметін дамытуы әбден ықтимал. Кейінгі жылдары консервативті реңге бөленген «кәрі» құрлықтағы саяси тенденция бұл құбылыстың да мүмкін екендігін жоққа шығармайды.
Авторлары: Ердана Ержанұлы, Павел Рубан.