Түркі халықтарының біртұтас әліпби жобасы қабылданды

Түркі әлемінің тағы бір жаңалығы түркітілдес мемлекеттер ортақ латын әліпби жобасын қабылдады.

Тарихи оқиға Халықаралық Түркі Академиясы мен Түрік тілі қоғамының ұйытқысымен Бакуде өткен Түркі әлемі ортақ әліпбиі комиссиясының үшінші отырысында мақұлданды.

Көрерменге айту парыз, бұдан бір ғасыр бұрын, яғни 1936 жылы дәл осы Бакуде бүкілодақтық түркологияның алғашқы съезі өткен еді. Оған қазақтан Ахмет Байтұрсынұлы қатысқаны мәлім. Бүгінгі жаңалығымыз сол заманның бастамасы іспетті. Алаш идеясының бір қыры қылаңытып тұр.

Түркі әлемі тіл бірлігіне қадам басты. Түркі мемлекеттері ұйымының жанынан құрылған Түркі әлемі ортақ әліпби комиссиясының екі жылдай жұмысы нәтиже берді. Жиында ғалымдар алғаш рет 1991 жылы ұсынған латын әліпбиіне негізделген біртұтас түркі әліпбиінің жобасын қарастырды.

Низами Жафаров, Түркі әлемі ортақ әліпби комиссиясының мүшесі, академик:
- Әу бастан-ақ кейбір ғалымдар түркі әлеміне ортақ әліпби қабылдауға саяси көзқараспен қарауға тырысты. Бірақ бұл олай емес. Сондықтан біз түркі әлеміне ортақ әліпби жасауды толық қолдаймыз. Бүгінгі кездесу – тарихи оқиға. Біз жазбаша сөйлесіп, соған жетуіміз керек.

Талқылау нәтижесінде 34 әріптен тұратын түркі әлемінің ортақ әліпбиі жобасы қабылданды. Алфавиттің әр әрпі түркі тілдеріндегі әртүрлі фонемаларға негізделген. 34 әріптік тізімнен әрбір ел өз қажеттіліктерін алып, 5 әріпке дейін толықтыра алады. Ғалымдардың пікірінше, ол басқа туыстас жұрт арасында бір-бірін оқуға кедергі келтірмейді.

Эрсин Гүзел, оқытушы, түрколог:
- Ортақ әліпбиге көшу біз үшін үлкен қуаныш. Әрине, біз түркологтар сонда бір шешім қабылданса қуанамыз. Бүкіл түркі дүниесі бір-бірін түсінеді. Бүкіл түркі дүниесінің жазуы бірдей болады. Барлығы ғалымдар қабылдап, қол қойып шығарды. Енді депутаттар мен президенттердің қол қойып, заң ретінде шығару керек.

Ортақ әліпби жобасы Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде мемлекет басшылары күн тәртібінде талқыға салады. Қабылданған жағдайда ұйымға мүше елдердің парламенттеріне ұсынылады. Естеріңізге сала кетейік, бүгінде Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан және Түркіменстан латын әліпбиін қолданады.