7 жыл бұрын Лондондағы тұрғын үйде болған алапат өрттің себептері анықталды
Қоғамдық тергеу оқыс оқиғаға үкімет пен өрт сөндірушілер және тез жанғыш материалмен қаптаған компания кінәлі деп шешім шығарды, деп хабарлайды 24kz.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
2017 жылы Лондонда 72 адамның өмірін қиған Гренфелл-Тауэр тұрғын үйіндегі өртке билік, ісіне салғырт қараған құрылыс компаниялары және өрт сөндірушілердің біліксіздігі себеп. 6 жылға созылған қоғамдық тергеудің қорытындысы осындай. Зерттеуде үкімет мамандардың өрт қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылығын елемеген деп көрсетіліп отыр.
23 қабатты мұнара пішіндес ғимараттың сырты тез жанғыш құрылыс материалдарымен қапталғандықтан тілсіз жау жедел тарап, ырық бермеген. «Үйден шықпай, құтқарушыларды күтіңдер!» деген нұсқауға құлақ асқан тұрғындар пәтерлерінде тірідей өртеніп кеткен. Қайтыс болғандар арасында 18 бала мен мүгедек жандар бар.
Насима Бутриг, Лондон тұрғыны:
- Мен мұндай өртті бұрын-соңды көрген емеспін. Өте қорқынышты болды. Жоғарғы қабаттардан адамдардың көмекке шақырып айғайлаған дауыстары жантүршігерлік болды.
Қоғамдық тергеудің төрағасы: «Кісі өлімінің алдын алуға әбден болар еді», - деп мәлімдеме жасады. Оның пікірінше, тұрғындардың үй қауіпсіздігіне байланысты шағымдарына бірнеше жыл бойы ешкім құлақ аспаған. Тергеу қайғылы оқиғаға көпқабатты үйге техникалық қызмет көрсетуші фирма, жергілікті және ұлттық органдар, сондай-ақ тез жанғыш қаптамаларды қауіпсіз деп сатқан компаниялар кінәлі деп отыр.
Мартин Мурбик, Тергеу жөніндегі комиссия төрағасы:
- Құрылыс материалдарының кейбір түрлері, атап айтсақ, алюминийден жасалған композиттік панельдер қауіпті. Үкімет және басқа да тексеруші органдар бұл олқылықты ерте кезде анықтамаған деп ойлаймыз. Компаниялар өз өнімдерінің қауіпсіздігі туралы жалған ақпарат беріп, алдап келген.
Төтенше оқиғаға қатысты сол кездегі үкіметке, қала билігіне, реттеуші органдарға және көп қабатты үйлердегі өрт қауіпсіздігіне жауапты мекемеге сын айтылып, айыптар тағылды. Премьер-министр мемлекет атынан өрт құрбандарының жақындарынан кешірім сұрады.
Кир Стармер, Ұлыбритания Премьер-министрі:
- Қайғылы жағдайдан зардап шеккен әрқайсыңыздан кешірім сұрағым келеді. Мұндай жағдай болмауы керек еді. Мемлекет өзінің ең басты міндеті, яғни сіздерді және сіздердің жақындарыңызды қауіптен қорғай алмады.
Ұлыбританияның басқа қалаларымен салыстырғанда Лондонда биік ғимарат екі есе көп. Шаһар басшысының пікірінше, қазір қалада 1300 тұрғын үйдің сапасы сын көтермейді. Сыртқы қаптамасы, баспалдақтары және эвакуациялық жедел сатылары талаптарға сай емес. Тұрғындар қорқынышты күй кешіп жүр.
Садик Хан, Лондон мэрі:
- Гренфелл-Тауэрдегі өрт біздің өркениетті ел екендігімізге күмән келтіргендей. Көз жұмған азаматтар қоғамымыздың ең осал топтары: балалар, мүгедектер, этникалық аз ұлт өкілдері. Менің ойымша, билік олардың тұрмысына селқос қараған.
Үкімет қайғылы оқиғаға қатысы бар құрылыс компанияларына ресми хат жіберіп, келісімшарттарды тоқтататынын мәлімдеді. Лондон полициясы мен прокуратураға істі тергеуде барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы