Еуропа елдерін су басты
Кәрі құрлық қызыл судың құрсауында қалды. Мыңдаған үй, тұруға жарамсыз, деп хабарлайды 24kz.
«Жиған-тергенімізден айырылдық», - деп ділгіріп отыр жұрт.
Ғани Мұқашұлы, тілші:
- Бұл – Румынияның шығысында орналасқан ауыл. Тасқын елді мекеннің түгін қалдырмай қиратып кеткен. Бүлінген мүлік пен өлген малда сан жоқ.
Блиц 1:
- Су тасқыны әп-сәтте мал-мүлкімнің тас-талқанын шығарды. Ештеңем қалмады. Енді не істерімді, қайда барарымды білмеймін.
Блиц 2:
- Ішер асымыз, киер киіміміз де жоқ. Үстімдегі көйлектің өзін көрші әкеліп берді. Жұбайым да дәл солай жүр. Тасқын кесірінен барымыздан айырылып қалдық.
Румыния премьер-министрінің айтуынша, тегеурінді су ел бойынша 8 уезді жайпап өткен. 5 мыңға жуық үй зақым келіп, мыңдаған адам жарықсыз қалған. 4 адамның опат болғаны белгілі.
Ал Польшада бір адамның қаза тапқаны расталды. Ол суға батып кеткен. Билік өкілдері келтірген ақпар бойынша бірнеше күн бойы тоқтаусыз жауған жаңбырдан өзендердегі су деңгейі 665 сантиметрге дейін көтеріліп, рекордтық көрсеткішке жеткен. Соның салдарынан кей өңірлерді су басып, жұрт электр қуатынсыз қалған. Кей аудандарда тіпті ұялы байланыс та үзілген.
Дональд Туск, Польша премьер-министрі:
- Клодзко өңіріндегі бір адамның опат болғаны белгілі болды. Осы уақытқа дейін бұл аймақтан 1600 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Стронеде де тұрғындар эвакуциялануда. 400-дей азамат мектепке орналастырылды.
Чехия жұрты да топан сумен арпалысып әлек. Тасқын ағаштарды тамырымен жұлып, бірнеше жолды шайып кеткен. 250 мыңдай үйді жарықсыз қалдырған. Ауа райы қолайсыздығынан елде үш азамат хабар-ошарсыз кеткен. Осыған байланысты құтқару-іздестіру жұмыстары қолға алынды.
Өрт сөндіру қызметі келтірген дерек бойынша осы уақытқа дейін қауіпті аймақтардан 2 мыңға жуық адам эвакуацияланған. Бұл жұмыс әрі қарай да жалғасын таппақ. Себебі толассыз жаңбырдан аймақтағы ахуал одан сайын күрделене түседі деген қауіп бар.