Ресейде қазақ тілін үйрететін оқулықтар дайындалып жатыр

Алтай республикасының Қосағаш мектебінің ұстаздары бірнеше жылдан бері қазақ тілі мен әдебиетін оқыту бойынша арнайы оқу-әдістемелік құралдар әзірлеп жатыр.

Осы ұжымның 1-4 сыныптарға арналған «Әліппе» мен «Қазақ тілі» оқулықтары сараптамадан өтіп, федералды бағдарламаға енгізілді. Олар Ресейде тұрып жатқан қандастарымызға туған тілін мектептерде оқуға мүмкіндік берді.

Ресми деректер бойынша, Ресейдің Алтай Республикасында 20 мыңдай қандасымыз өмір сүреді. Оның 12 мыңы Қосағаш ауданында тұрады. Осындағы сегіз мектепте қазақ тілі мен әдебиетін оқытатын 28 ұстаз бар. 2 300 бала ана тілін үйреніп жатыр. Қосағаш мұғалімдерінің арқасында төрт жылдан бері Ресей мектептерінде қазақ тілі оқытылып жүр. 

Серікжан Қыдырбаев, Қосағаш ауданының әкімі:
- Біріншіден төртінші сыныпқа дейін қазақ тілдің кітабын жасап алғаннан кейін, біріншіден төртіншіге дейін қазақ тілде оқимыз. Ал бесіншіден тоғызға дейін факультатив. Ол уақытша. Ендігі жылға дейін ол кітаптарды жасаймыз. Кішкентай бір аудан болсақ та, кітабымыз бар. Ресей ішінде қазақтардан үлкен ағаларым, жеңгелерім маған шығып, бізге де осы кітаптан беріңдерші, бізге де сатыңдаршы деген әңгіме болып тұр. Сонда мен біреуін де сатқан жоқпын. Келіңдер, алыңдар деймін.

Мұғалімдер бесінші сыныптан тоғызыншы сыныпқа дейінгі оқушыларға арналған кітаптар келесі оқу жылына дейін шығады деген үмітте. Қазір бұл оқулықтар арнайы сараптамадан өтіп жатыр.

Игорь Солтанбаев, Алтай Республикасы білім басқармасының бөлімше басшысы:
- Материалдарды көп іздендік. Алтай халықпен бірге тұрған соң, және мемлекеттік стандартқа сай кітаптың құрамында жиырма пайызы жергілікті материалдар болу керек, сексен пайызы біздің мемлекеттік ресей материалдары болу керек. Сондықтан біз орыс тілден қазақ тіліне ақын, жазушылардың жазбаларын аудардық.

Қазір Ресейдің бірнеше аймағында қазақ балалары Алтай мұғалімдерінің дайындаған бағдарламасымен оқуға кірісті. Мысалы, Омбы облысының 11 мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті осы кітаптармен оқытылады.