Огайо штатында электр қуаты АЭС арқылы өндіріледі

АҚШ-та электр энергиясының бестен бірі ядролық қуат өндіру арқылы алынады.

АЭС салуды 50-ші жылдарда қолға алған бұл елдің 28 штатында 93 ядролық реактор орналасқан.

Вашингтоннан 700 шақырым қашықтықта орналасқан Огайоға бара жатырмыз. Авиацияның отаны саналатын Огайо АҚШ бойынша электр қуатын ең көп тұтынатын 10 штаттың біріне жатады және онда екі атом электр стансысы жұмыс жасайды. Біздің мақсат – солардың бірімен танысу және жергілікті халықпен кездесу, олардың АЭС-ке қатысты пікірін білу.

Бірнеше сағат жолды артқа тастап, түсірілім тобы Эри өзенінің жағасына тоқтады. Жағажайдан-ақ мен мұндалап тұрған қос рекаторды байқауға болады. Көп ұзамай жақын маңнан балықшы ақсақалды көзіміз шалып, сөзге тарттық. Қарияның көңілі тоқ. Күн олжалы сияқты.

Том, жергілікті балықшы:

- Қараңыздаршы, 2,5 сағатта-ақ мынандай 4 көксерке ұстап алдым. Керемет емес пе?! Бұл көлден арасында алабұға да аулап тұрамын.

Том Перри қалашығында 50 жылдан астам уақыт тұрады. Айтуынша, 1987 жылы бой көтерген атом электр стансысының құрылысы әлі есінде. «Қуат өндірудің дәстүрлі жолы дамыған ол уақытта атом энергетикасына күмәнмен қарағандар көп болды», – дейді ақсақал. 

Том, жергілікті балықшы:

- Құрылыстың қалай басталғаны әлі есімде. Оған қатысты түрлі пікірлер болды. Бірақ түптеп келгенде АЭС-тің бізге еш зияны жоқ болып шықты. Арада 37 жыл өтті. Маусым басталғанда балығымызды аулаймыз. Қайықпен жүземіз. Суымызға шомыламыз дегендей. Балалық шағымның барлығы осында өтті. АЭС-ке қатысты шағымданатын дүние жоқ.

Огайоның столтүстік бөлігінде бой көтерген Перри атом электр стансысы 4,5 шаршы шақырым аумақты алып жатыр. 1,5 миллионға жуық  халқы бар қалашықты электр қуатымен қамтамасыз етеді. Жергілікті халықты жұмыспен қамтып, қала қазынасына салық төлейді.

Билл, қала тұрғыны:

- Мен бұл қалада бала кезімнен өмір сүріп келемін. АЭС-тің жергілікті халыққа да, коршаған ортаға да зияны жоқ. Қайта, керісінше, қаладағы инфрақұрылым жөнделіп, парктер салынып жатыр. Халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға септігін тигізіп жатыр дер едім. Әрине, ара-тұра халықты алаңдататын мәселелер де болып жатады.

Солардың бірі – атом электр стансысының құрылысына кететін шығын көлемі. «Нысанның құрылыс-жөндеу жұмыстары салық есебінен жүретіндіктен, халықтың алаңдауы заңды», – дейді қала тұрғыны.

Атом электр стансыларындағы реакторлардың құрылысы қуат өндірудің ең қымбат инфрақұрылымдарына жатады. «Олардың құрылысына кететін шығындарды айтпағанда, реновацияның өзіне қыруар қаражат қажет», – дейді мамандар. Мәселен, анау тұрған Перри реакторының жөндеу жұмыстарына 2006 жылы 6 млрд доллар тартылған.

Ал 2021 жылы тағы да қосымша 7,7 млрд доллар жұмсалған. «АЭС-тің құрылысы мен жөндеу жұмыстарына мұндай қыруар қаражаттың жұмсалуы – қалыпты жағдай», – дейді сала маманы.

Уэслей Александр, энергетикалық саясат бойынша сарапшы:

- Атом энергетикасына қыруар қаражат қажет екені анық. Мәселе тек инфрақұрылымда ғана емес. Нысанда жұмыс істейтін білікті мамандар даярлау да – үлкен шығын. Бірақ бұл – ұзақмерзімді және болашаққа құйылатын инвестиция. Сол себепті Қытай сияқты елдер атом электр стансыларын барынша көптеп салуға тырысып жатыр.

Перри қаласының әкімдігі жыл сайын жергілікті халықпен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Нысаннан 15 шақырым аумақта орналасқан тұрғын үйлер үкіметтің жіті бақылауында. Дегенмен 37 жылдың ішінде бірде-бір апаттың болмауы – атом электр стансысының заманға сай жаңартылып, тиісті жөндеуден уақытылы өтіп тұрғанының көрсеткіші. «Бастысы, электр қуатының бағасы қолжетімді болып, халықтың қауіпсіздігі назарда болса», – дейді АЭС орналасқан аумақ тұрғындары.

Авторы: Талғат Алманов.