Әлем астық жинауға кірісті. Шартарап

Қазір біздің ел ғана емес, әлем астық жинауға кіріскен. Кей елдер науқанды аяқтап та қалды.

Бірақ егін салғанның бәрі кенеліп жатқан жоқ. Күннің райы кесір болып тұрған өңірлер де бар.

Алысқа бармай-ақ, мына көршілес Ресейдің Татарстан аймағын айтайық. Ол жақта биыл мол ылғал түсіп, егін науқанын тығырыққа тіреді.

Татарстанда жауын-шашын қолбайлау болып тұр

Татарстан үкіметі осы сәтке дейін шамамен 1 млн тонна астық орғанын айтады. Бұл былтырғыдан 2 есе аз. 2023 жылы құрғақшылық болғанның өзінде 3,4 млн тонна бидай жиналған еді. Әзірге биылғы жоспардың 46 пайызы орындалған. Себеп – қолайсыз күн райы. Тамыз айында айлық мөлшерден 2 жарым есе көп жауын-шашын түсіп, топырақты босатып жіберген. Ылғал техниканың егін алқабында ойдағыдай жұмыс істеуіне үлкен кедергі жасайды. Биылғы егіннің 692 мың гектары, яғни 26 пайызы ғана сақтандырылған.

Татьяна Менликова, «Астық сапасын бағалау орталығының» өкілі:
- Жауын-шашын егінді уақытылы жинауға кедергі жасап жатыр. Тіпті тоқтап қалды деуге болады. Бірақ тез арада жалғасады деп күтіп отырмыз. Астық жинауға табиғи жағдай, мысалы, күннің тым құрғақ болуы немесе керісінше мол ылғалдың түсуі тікелей әсер етеді.

Башқұрстан егін шаруашылығында төтенше жағдай жариялады

Ал Татарстанға көршілес Башқұртстан Республикасында төтенше жағдай енгізілді. Билік шығын қазірдің өзінде 1 миллиард рубльден асады дейді. Негізі егін орағы шілде айының ортасында басталған. Бірақ жаздың соңғы айында суық түсіп, жауын жауды. Башқұрт үкіметі төтенше жағдай жариялауға мәжбүр. 200 мың гектар егін алқабы үсіп кеткен. Республиканың вице-премьері Ильшат Фазрахмановтың мәлімдеуінше, әзірге жалпы астық көлемі 600 мың тоннаны қамтиды. Былтыр бұл уақытта 3,2 млн тонна жиналған болатын. +++

Алмаз Галимов, Башқұртстан ауыл шаруашылығы министрлігі бөлімінің басшысы:
- Баш-гидрометтің хабарламасында республиканың 32 ауданында топырақтың қатты ылғалданғаны айтылады. Ылғал деңгейі 10-12 миллиметрге жеткен. Осыған байланысты төтенше жағдай енгізілді. Былтырғы егін жинау қарқынынан 3 есе мерзімге қалып қойдық. Негізі егін жақсы шыққан еді.

Оңтүстік Кореяда кимчи орамжапырағы жойылады

Күріш пен көкөніс көп жейтін Оңтүстік Кореяда кимчи орамжапырағы алқабына қауіп төнді. 2 мың жылдардан бері аймақта температура жоғарылап, орамжапырақ түсімі 2 есе төмендеген. Елдің Ауылдық жерді дамыту әкімшілігі алдағы 25 жылда кимчи орамжапырағы алқабы 44 гектарға қысқарып, ал 2090 жылы мүлде жойылайтынын айтады. Бұл көкөніс негізі салқын климатта жақсы өседі. Енді Оңтүстік Корея кимчи қырыққабатын еріксіз сырттан әкеле бастады. Биылғы импорт көлемі 98 миллион доллардан асып кеткен.

Ким-Си Гап, қырыққабат өсірушілер қауымдастығыны басшысы:
- Мен кимчи қырыққабатын өсірумен 50 жылдан бері айналысамын. Кейінгі жылдары күн қатты ысып, топырақта түрлі өсімдік ауруы пайда болды. Бар кінәні климаттың өзгеруінен көргеннен басқа амалымыз қалмады.

Жер шарының барлық түкпіріне климат үлкен өзгерістер әкелді. Ыстық жерде күн суытып, тасқын шайса, ылғалды аймақты құрғақшылық жайлап жатыр. Мамандар климаттың өзгергеніне бейімделген дұрыс дейді.