Жыл сайын 10 млн америкалық тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шегеді
Статистика бойынша АҚШ-та тұрмыстық зорлық-зомбылық – 40-қа толмаған әйелдердің өліміне жиі себеп болатын жағдайдың бірі, деп хабарлайды 24kz.
Мұнда жапа шеккендерге мемлекетпен қатар түрлі ұйымдар көмек көрсетеді. Швеция халқы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жеке бір отбасының емес, қоғамдық проблема ретінде қарайды. Сондықтан арыз жазған әйел құжатын кері қайтарып алса да, іс сотқа дейін жетіп, қол көтерген адам жауапқа тартылады.
АҚШ-та жыл сайын 10 млн адам тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шегеді. Жәбір көргендер "жедел желіге" хабарласа алады. Оларға ары қарай әрекет ету бойынша тегін кеңес беріледі. Қоғамдық ұйымдар түрлі бағдарламалар ұйымдастырады. Соларға сәйкес жапа шеккендер 1-2 ай тегін баспанамен қамтылады. Көлік шығындарын да осы ұйымдар өз мойнына алады. Баланы жақын маңдағы балабақшаға орналастыру бойынша да көмек көрсетеді. Мемлекет те 1994-жылғы "әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық акті" негізінде ондай адамдарға жәрдемдеседі. Атауына қарамастан, бұл құжат ер адамдарды да қорғауға бағытталған. Әр штатта тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жаза әр түрлі. Ең жеңілі - жәбір көрсетуші бір жылға дейін "қайта тәрбиелеу" курсынан өтуге міндеттеледі. Ал егер отбасында қару қолдану не кісі өлтіру секілді ауыр жағдай болса, онда кінәлі адам өмір бойына бас бостандығынан айырылуы да мүмкін.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан Швеция экономикасы жыл сайын €4 млрд жоғалтады
Әйелдер үшін қауіпсіз мемлекеттердің үздік үштігіне кіретін Швецияда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларына көп көңіл бөлінеді. Мысалы, мектепте деструктивті гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы бағдарламалар енгізілген. Адамдарды ашуын басқару бойынша психологиялық терапиядан өтуге мәжбүрлейді. Соның өзіне қарамастан отбасында ондай жағдайға жол берілсе, қол көтергені үшін күйеуі 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сосын Швецияда бұл экономика үшін де тиімсіз. Өйткені жәбір көрген нәзік жандарға тек әлеуметтік және медициналық көмек көрсетуден бөлек мемлекет жұмыста болмауына байланысты шығындарды да өтеуге міндетті. Соның салдарынан ел экономикасы жыл сайын 4 млрд еуро жоғалтады екен.
Өзбекстанда күн сайын 45 адам тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша қамауға алынады
Көрші елдердегі жағдайға келетін болсақ, Өзбекстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық күрделі әлеуметтік мәселенің біріне айналған. Өйткені халық өз құқықтары мен қорғану тетіктері туралы дұрыс білмейді. Сосын бұрыннан қалып қойған түсініктер тағы бар. Бірақ кейінгі жылдары билік мұнымен күресті күшейтіп отыр. Мысалы, былтыр заңға тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатаңдату туралы түзетулер енгізілген. Сол бойынша былтыр 9 мыңнан аса адам әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Көбі айыппұл төлеумен құтылған. Биылдың өзінде алғашқы тоқсанда 4 мыңнан аса адам жауапқа тартылған. Сонда күн сайын көрші елде бұл қылмыс бойынша 45 адам қамауға алынады деген сөз. Ал биыл көктемде Өзбекстан президенті әйелдер мен балалардың құқықтары мен бостандығы туралы жаңа заңға қол қойды. Оған сәйкес ең қатаң жаза 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.