Еуропада тасқын құрбандарының саны артты

Еуропада Борис дауылына ұласқан тасқын құрбандарының саны 22 адамға жетті.

Қайтыс болғандар Польша мен Румынияда көп. Бұл екі мемлекеттен бөлек, Австрия, Венгрия, Словакия, Чехия халқы да зардап шегіп отыр. Польшада бір айға табиғат апаты тәртібі жарияланды. 350 мектеп пен балабақша жұмысын уақытша тоқтатты. Елдің оңтүстігіндегі бір ғана қаладан 40 мың адам эвакуацияланған. Бүлінген үйде есеп жоқ. Чехия үшін бұл кейінгі 27 жылдағы ең алапат тасқын болды. 60 мың үйдің тұрғындары әлі күнге дейін жарықсыз отыр. Мұнда апта соңына аймақтық сайлау белгіленген. Бірақ дауыс беру үшін дайындалған мектептер мен өзге орындардың біразын су басты.

Вероника Яходова, мейрамхана иесі:

- Мейрамханамызды су басты. Ішінде залдар ғана емес, қойма мен жабдықтың бәрі бүлінді. Қаншама азық-түлікті қоқысқа тастауға тура келді. Жиһаздың көбі қолдануға жарамсыз боп қалды.

Словакияда Дунай өзенінің деңгейі 9 метрен асып кетті. Бұл – кейінгі 10 жылда болмаған жағдай. Ел астанасы Братиславаның өзіне табиғат апатынан келген шығын 20 миллион еуроға бағаланып отыр. Қазір Хорватия мен Италияда тасқынға қарсы дайындық жұмыстары жүріп жатыр.