Ливанның азаматтық авиациясы қауіпсіздік шараларын күшейтті

Ливанда ұшақ бортына пейджерлер мен рацияны алып жүруге тыйым салынды, деп хабарлайды 24kz.

Бұл қауіпсіздік мақсатында қабылданған шешім. Өйткені осыған дейін елде бұл құрылғылар жаппай жарылған еді. Соның салдарынан, 32 адам қаза тапты. Тағы 4 мыңдай адам жараланған.

Жергілікті «Хезболла» ұйымының өкілдері бұған Израильдың арнайы қызметін кінәлап, кек қайтаратындарын мәлімдеді. Ал еврей елі жоғары жауынгерлік дайындығына көшті.

Соңғы оқиғалардан кейін Ливан азаматтық авиациясы қауіпсіздік шараларын күшейтті. Рация мен пейджерлерді ұшаққа алып кіруге мүлдем тыйым салынды. Мәліметке қарағанда, жарылған рацияларда жапондық Icom компаниясының затбелгісі болған. Бірақ өндіруші ол модельдерді шығару 10 жыл бұрын тоқтағанын айтады. Құрылғылар Таяу Шығысқа 2004-2010 жылдар аралығында жеткізіліген. Осы себепті компания оқиғаға қатысты тергеу бастайтынын мәлімдеді.

Ёсики Эномото, Icom компаниясының директоры:

- Жарылған құрылғылардың тұпнұсқасы ма әлде көшірмесі ме, әзірге нақты айта алмаймыз. Өйткені арнайы жапсырмасы жоқ. Ливанға жеткізу жағына келетін болсақ, рациямызды кезінде Таяу Шығысқа жасаттық. Онымен Германиядағы еншілес компаниямыз айналысатын. Бірақ олар 10 жыл бұрын тоқтатылған. Біздің өндірістік желімізде бәрі автоматтандырылған. Құрылғыларға жарылғыш салу мүмкін емес.

Ливандық «Хезболла» қозғалысы бұл жарылыстар үшін Израильдың арнайы қызметін айыптап, кек қайтаратындарын жария етті. Еврей елінің билігі болса, шабуылдарға қатысты мәлімдеме жасамады. Бірақ осы оқиғалардан кейін Израиль жоғары жауынгерлік дайындығына көшіп, әскери күшін Ливанмен шекарадағы солтүстікке қарай бағыттады. Шекаралас аймақтағы тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді. Бүгін Израиль әскері Ливанның оңтүстігін әуеден атқылады. «Хезболла» ұйымының қару-жарақ сақтайтын қоймалары мен әскери нысандарына атқылады. Аймақтағы ахуалдың ушығуына қатысты халықаралық ұйымдар адаңдаушылық танытып отыр.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Осы аптада Ливандағы жағдайды реттеуге бағытталған келіссөздер мен іс-шаралар жүргізу керек. Жарылғыш заттарды іске қосу ауқымды әскери операция алдында ескерту соққысы ретінде жасалуы мүмкін. Демек, Ливандағы жағдайдың күрт ушығып кету қаупі бар. Бірақ біз оны болдырмау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек.

Енді Ливан президентінің сұрауы бойынша ертең БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі шұғыл отырыс өткізу керек. Ливанда БҰҰ-ның бітімгершілік миссиясының құрамында 6 айдан бері Қазақстан қарулы күштерінің бір қызметкері қызмет етіп жүр. Еліміздің Қорғаныс министрлігі бітімгершілік операциялар орталығының баспасөз қызметі хабарлауынша, ол зардап шеккен жоқ.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева