Жапонияда теміржолшыларға робот көмектеседі

Жапония астанасында роботехника апталығы өтіп жатыр.

Көрме аясында түрлі салаларда қызмет көрсететін құлтемірлер таныстырылды. Көптің назарын аударғаны теміржолда қауіптің алдын алуға көмектесетін гуманоидты робот.

Мамандар инновациялық технология осы салада еңбек өнімділігін арттыруға септігін тигізеді деп отыр.

Жапондардың жасап шығарған мына бір гуманоидты құлтемірі теміржол қызметкерлерін түрлі қауіптен сақтап отыруға арналған. Ол жұмыс кезінде туындауы мүмкін қатерлі жағдайды алдын ала анықтап, ескертіп отырады. Құлтемір оператор арқылы қашықтан басқарылады. Робот 40 келіге дейін техниканы көтере алады. 

Канаока, өнертапқыш:

- Біз бұл роботты теміржол қызметкерлерінің жұмыс кезінде жарақат алу қаупін азайту мақсатында жасадық. Бірақ оны осы саламен қатар құрылыс және электротехника секторында да қолдануға болады.

Оператор құлтемірді виртуалды бас киім киіп басқарады. Қызметкер ол арқылы роботтың қозғалысы мен әрекетін бақылап қана қоймай, оны сезіне алады. Инновация көрмеге келушілердің таңданысын тудырып жатыр. 

Занг Вэнь, көрмеге қатысушы:

- Көрмеде роботты таныстыру кезінде оның пинопласт тақтасын еш қиналмай-ақ ұстап алғанын көрдім. Бұл оның жақсы икемділігін көрсетеді. Болашақта осындай құлтемірлерге сұраныс артады деп ойлаймын.

Гуманоидты робот ­– тек технологиялық жетістік емес, жаңа дәуірдің нышаны.  Уақыт озған сайын инновациялар күрделі тапсырмаларды орындауда адамның адал серігіне айналуда. Сарапшылар: «Бұл келешекте көп салаға түрлі өзгеріс алып келуі мүмкін», ­– дейді. 

 

Авторы: Динара Орынтай