Ливанда жарылыстан қаза тапқандар саны артты

Ливандағы пейджер жарылыстарынан қаза тапқандар саны 37 адамға жетті.

Ал жараланғандар қатары - 2931. Бұл туралы елдің Денсаулық сақтау министрі мәлімдеді. Пейджер жарылыстары 2 рет - алғашқысы 17-ші, екіншісі 18 қыркүйекте болған. Күдіктілер пейджерлерге электронды хат жіберу арқылы іске қосқан. Ливан, Сирия сияқты елдер жарылыстарды Израиль үкіметі ұйымдастырды деп айыптайды. Ливан мен Израильдің арасы былтыр 8 қазаннан бері қатты ушыққан болатын. Бұл кезде араб елінде бекінген "Хезболла" ұйымы Газадағы "Хамасқа" қолдау көрсету мақсатында Израиль аумағын атқылаған болатын. 

Израиль Ливан шекарасындағы қауіпсіздігін нығайтып жатыр

Ал соңғы мәліметке қарағанда Израиль әскері даулы Голан жотасы аймағында жаңа танктер мен зеңбіректер орналастырған. Өйткені Ливанмен шекарадағы жағдай ушықпаса, тынышталар емес. Осының алдында "Хезболла" жетекшісі Израиль аумағын зымыранмен күнде атқылайтынын жеткізген болатын. Өткен аптада Израиль басшылары "Хезболла" ұйымына қарсы ауқымды әскери операция өткізу қажеттігін айтқан.