Испандық шаруалар зәйтүннің дәнегінен сұйық отын өндіреді
Испанияда зәйтүн майын өндірушілер жемістің дәнегін отын ретінде пайдаланып жүр, деп хабарлайды 24kz.
Олар осылайша, қыстыгүні электр энергиясына жұмсайтын қаражаттарын үнемдемек. Испандық шаруалардың зәйтүннің сүйегінен сұйық отын өндіру тәжірибесі туралы тілші айтып береді.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Испаниялық Дэвид Самора бірнеше жылдан бері зәйтүн шаруашылығымен айналысады. Зәйтүн ағашын жылдар бойы зерттеген ол енді дәнегінен суды қыздырып шығарудың амалын ойлап тапқан. XVIII ғасырда салынған ескі қожалығын қайта жаңғыртып, ғимараттан туристерге арнап қонақүй ашқан. Сол мейманханасында суды қыздыру үшін электр энергиясын емес, ауласында өсіп тұрған зәйтүн ағашының дәнегін қолданып жүр.
Дэвид Хименес Самора, шаруа:
- Біз алдымен зәйтүн майын өндіреміз, содан кейін зәйтүн сүйегін биомассаға айналдырып, оны бассейн суын, еденді жылыту үшін қолданамыз.
Дэвид дәнекті қыздыру үшін ауласындағы қазандықты пайдаланады. Онда салынған зәйтүн дәнегі түрлі процестен өтіп, суды ысытып шығарады.
Дэвид Хименес Самора, шаруа:
- Мұнда дәнекті қыздыратын қазандық орналасқан. Ал мына түтікшеге зәйтүн дәнегі жіберіледі де, қыза бастайды. Дәл осы жерден қазандықта ысытылған суды жібереміз. Ал мына бөлігінен суық су жіберіледі.
Дәнек ауылшаруашылықта зәйтүн майын шығаратын машиналарды да қуаттандыра алады. Олар энергетикалық қажеттілігін күн сәулесінен алады.
Антонио Лопера, жұмысшы:
- Мұнда сүйекті сыртындағы қабығынан, мәйегінен тазалайтын елек орналасқан. Зәйтүннен шығатын майдың барлығы осында келіп құяды.
Дәнекті биомасса ретінде қолдану Испания сияқты зәйтүн өндіруші елде ғылыми жаңалық емес. «Дегенмен, қонақүйлер мен шағын кәсіпорындарда, диірмендерде, тіпті ұшақтарда отын ретінде зәйтүн дәнегін пайдалану – бұл елдегі өнеркәсіп секторының даму қарқыны жоғары екенін аңғартады», - дейді сарапшылар.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева