Сарапшылар: АЭС – жаһандық жылынумен күресудің бірден-бір жолы
Атом электр стансылары – жаһандық жылынумен күресудің бірден-бір жолы. Тұрақты әрі қауіпсіз қуат көзі саналатын энергияның бұл түрі климаттың өзгеруіне әкеп соқтырып жатқан зиянды қалдықтарды бөлмейді. «Сондықтан келешекте оған сұраныс артады», – дейді түркиялық мамандар.
Қазіргі уақытта жер бетінде 400-ден астам атом электр стансысы жұмыс істеп тұр. Жаһандық жылыну мәселесін шешу үшін атом электр стансыларының санын кем дегенде үш есе арттыру қажет. Бұл – Түркияның Энергетика, ядролық және тау-кен зерттеулері кеңесінің вице-президенті Уғур Чевик пікірі. Ғалымның сөзінше, 1200-ден астам АЭС-ті іске қосу арқылы әлемде климаттың өзгеруіне алып келіп жатқан парниктік газдардың бөлінуіне тосқауыл қоюға болады.
Уғур Чевик, Түркияның Энергетика, ядролық және тау-кен зерттеулері кеңесінің вице-президенті:
- Түркияда атом энергетикасы бойынша зерттеулер жарты ғасыр бұрын басталған. Қазір «Аккую» атом электр стансысы салынып жатыр. Мақсат – жаһандық жылынудың алдын алу, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Нысан іске қосылған соң шамамен 5 мың мегаватт электр қуатын өндіретін болады. Мемлекетіміз онымен шектелмей, Эйнелада мен Синопта АЭС құрылысын бастап, оның көлемін қысқа мерзімде 15 мың мегаватқа жеткізуді көздеп отыр. Алғашқы АЭС 2025 жылы іске қосылады деп отырмыз. «Аккую» стансысын салу жобасы арқылы біз отандық кадрларымызды да дайындап алдық.
Сарапшылардың пікірінше, болашақта жаһанда энергияға сұраныс еселеп артады. Сондықтан әлем елдері үшін қауіпсіз әрі тұрақты энергетиканы дамыту өзекті мәселеге айналып отыр. «Осы ретте келешекте энергияны үздіксіз өндіретін атом электр стансысы сияқты қуат көздерін дамытқан мемлекеттер ұтады», – дейді Эрзинджан Бинали Йылдырым университетінің профессоры Айнұр Ноғаева.
Айнұр Ноғаева, Эрзинджан Бинали Йылдырым университетінің профессоры:
- Энергетикалық тапшылықтың халықаралық қатынастарға тікелей әсері бар және бұл энергетикалық қауіпсіздікке байланысты. Энергетикалық қауіпсіздік дегеніміз не? Бұл қажетті шикізат бар болуы ғана емес, сонымен бірге оның қолжетімділігі, қолайлығы мен пайдалылығы деуге болады. Энергетикалық тапшылық мемлекеттерде проблема шешу жолдарын іздеуге мәжбүр етеді. Бұл мәселе елдің қажеттілігіне қарай әртараптандыру немесе баламалы энергия көздерін іздеу болуы мүмкін. Соңғы 2-3 жылда әлемдік күн тәртібінде энергетика саласындағы проблемалардың өзгергенін көріп отырмыз.
Дерекке жүгінсек, 2030 жылға дейін әлемнің 12 елі 62 мың 300 мегаватт атом энергиясын пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Қуаттылығы бойынша алғашқы үштікке Қытай, Түркия мен Мысыр орналаспақ.
Авторы: Меруерт Қанағат.