Израиль әскерінің шабуылынан Ливанда 182 адам көз жұмды

Израиль әскерінің Ливанға жасаған әуе соққыларынан 200-ге жуық адам қаза тауып, тағы 700-ден астамы жараланды.

Арасында балалар, әйелдер мен медицина қызметкерлері бар. Бұл туралы Ливанның денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Бұған дейін Израиль көрші елге соққыларын үдететінін ескерткен. Шекаралас аймақта тұратын ливандықтарды баспанасын тастап, басқа жаққа көшуге шақырған. Өйткені «Хезболла» бейбіт тұрғындардың үйлерін қару-жарақ сақтау үшін қолдануы мүмкін, – дейді. Израиль мен Ливан арасындағы жағдай өткен аптада «Хезболла» мүшелерінің пейджерлері жарылғаннан кейін ушықты. Содан бері тараптар бірін-бірі атқылап жатыр.   

Даниэль Хагари, Израиль қорғаныс әскерінің контр-адмиралы:

- «Хезболла» шекаралас Бекаа алқабындағы азаматтық ғимараттарда стратегиялық қару-жарақ сақтайды. Ал тұрғындарды тірі қалқан ретінде қолданады. Біз бейбіт халыққа мейлінше зиян тигізбеуге тырысып жатырмыз. «Хезболла» сол қаруды Израильге қарсы қолданбақшы. Біз бұған жол бермейміз. Сол үшін Бекаа тұрындарын тезірек үйлерінен кетуге шақырамыз.

Мұхаммед Сибай, Бейруттегі дүкен иесі:

- Бүгін Израиль әскері соққыларын үдетеді деген хабар алдық. Бұл шиеленіс бейбіт жолмен шешілсе екен. Біз соғысты қаламаймыз. Әу бастан-ақ осыны айтып келеміз.