Ливанда Израиль әуе шабуылдарынан 492 адам қаза тапты

Ливанда Израиль әуе шабуылдарынан қаза тапқандар саны 492 адамға жетті, деп хабарлайды 24kz.

Елдің Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, құрбандар арасында 35 бала мен 58 әйел бар. Сондай-ақ 1645 кісі жараланған. Араб елінде мыңдаған отбасы үйсіз жанға айналған. Ливанның оңтүстігінде көп шақырымдық көлік кептелісі пайда болды.

 

Израиль 30 қыркүйекке дейін айрықша режим жариялады

Израиль билігі бүкіл ел аумағында 30 қыркүйекке дейін айрықша режим жариялады. Өйткені «Хезболла» шабуылды үдетуі мүмкін. Айрықша режим әскерилердің өкілеттігін кеңейтіп, азаматтарды басқару ісін жеңілдетеді. Бұдан былай жиындарға, оқу орындарына баруға шектеу қоюға мүмкіндік бар. Сондай-ақ Премьер-министр Биньямин Нетаньяху Ливан азаматтарын «Хезболла» нысандарына жоламауға шақырды. Жалпы Израиль әкері 23 қыркүйектің таңынан бері Ливандағы 1300 нысанға әуе соққысын жасаған. Бұл операция «Солтүстік жебесі» деп аталады.

Естеріңізге сала кетейік, Израиль мен Ливанның арасы өткен жылдың 8 қазанынан бері ушығып, қарулы қақтығысқа ұласты.