Қытайда тоқпен жүретін көліктер саудасы 17%-ке өсті

Қытайда электрлі көлік саудасы 17%-ке өсті. Нарықта бір айдың ішінде 1 миллионнан астам автомобиль сатылған, деп хабарлайды 24kz.

Алайда Қытай мемлекетіне бұл аздық етіп отыр.

Ел билігі экологиялық көліктердің үлесін арттыру үшін мемлекеттік деңгейде бағдарламалар қабылдап жатыр.

Диктор:

Қазір Бейжіңнен Руслан Бақытбекұлы тікелей байланыста. Руслан көрші елдің  жаңа саясаты немен байланысты?

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Қытай билігінің мұндай қадамға баруының бірден бір себебі нарықтағы көлік саудасының бесінші ай қатарынан төмендеуімен байланысты. Шілде айында былтырғы жылмен салыстырғанда сауда 3%-ке төмендеген. Бұл жағдайды дереу түзету үшін елде ескі автокөліктерін өткізген әрбір тұрғынға төленетін субсидия көлемі екі есеге ұлғайды.

Әр көлікке берілетін жеңілдік 10 мың юаньнан 20 мың юаньға дейін көбейді. Сонымен қатар жанар-жағармаймен жүретін көліктерді жаңа электрокарларға айырбастауға жағдай жасалды. Оларға 15 мың юань жеңілдік қарастырылады. Субсидияға үміткердің 80 %-тен астамы батареялы көлік таңдаған. Осындай қадамдардың арқасында сауда өткен айдан бір шама өсті. Қытайдың автокөлік диллерлері қауымдастығының мәліметіне сай ұлттық нарықта саудаланған жалпы көлік саны 1 миллион 900 мыңнан данадан асады. Оның 54-%-тейі тоқпен жүретін автолар.

Цзоу Юньхань, ҚХР Мемлекеттік ақпарат орталығы макроэкономикалық зерттеу басқармасы басшысының орынбасары:

- Орталық және жергілікті жерлерде жүргізілген саясаттың арқасында тоқпен жүретін көліктерді тұтыну көрсеткіші біршама жақсарды. Бұған жіті мониторинг жасалады. Кейінгі үш айда электравтоларды тұтыну деңгейі өсті. Бұл қабылданған шешімнің тиімділігін көрсетіп отыр. Іс-шара жалғаса береді.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Жалпы Қытайда қондырғылар мен тұтыну тауарларын жаппай жаңалап, жаңғырту шаралары жүріп жатыр. Оның ішінде автокөліктер де бар. Ұлттық даму және реформалар комиссиясы биыл елде 2 миллионға жуық автомобиль қайта өңдеуден өтетіндігін жариялады.

Бүгінде Қытайда энерготиімділікті арттыруға басымдық берілген. Яғни, энергия үнемдеудің түрлі амалдары жасалып жатыр. Тіпті күнделікті тұрмыста қолданылатын тоқпен жұмыс істейтін заттарға дейін энергия көп жұмсамайтындарына ауыстыруға шықты. Мәселен Қытайда 3 миллиардтан астам тұрмыстық техника мен 300 миллионнан астам көлік құралы бар екен. Ұлттық даму және реформалар комиссиясы осы заттар мен көліктердің энерготиімділігін арттыру арқылы елдегі энергия тұтыну көлемін төмендетіп, ауаға зиянды газдардың таралуын азайтуды көздеп отыр. Ел билігі осы бағыттағы 294 ұлттық стандартты қайта қарау туралы шешім қабылдады. Жыл басынан бері 70 құжат қайта қаралып, ресми жария етілді. Бұл құжаттың бәрі энергия тұтыну, қоршаған ортаға улы газдардың таралуы, электромобильдер, қауіпсіз өндіріс сияқты салаларды қамтиды. Бұл елдегі энергияны көп қажет ететін ескі заттар мен қондырғыларды жаңартуға түрткі болып отыр.

Авторы: Руслан Бақытбекұлы