Қостілділдік Альцгеймер ауруын 5 жылға кешіктіреді

«Өзге тілдің бәрін біл» дейміз. Жалпы көп тіл білгеннің пайдасы туралы жиі айтамыз ғой. Ал оның адам денсаулығына пайдасы барын біреу білсе, біреу білмес. Мәселен, кемінде екі тіл білудің ми ауруларына жақсы әсері бар екен.

Әлемде деменцияға шалдыққандар саны артып келеді. Статистика бойынша жыл сайын 10 миллионға жуық адам Альцгеймер диагнозымен тіркеледі. Жер бетінде 50 миллион адам дертті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, бұл көрсеткіш 2050 жылға қарай 150 миллионға артады деген қауіпті болжам бар.

Қос тілде сөйлеу, яғни билингвизм Альцгеймер және деменция сияқты ми ауруларының басталауын 5 жылға кешіктіреді деген дерек бар. Қазіргі компьютерлік томография тәсілдері нейролингвистерге қостілділіктің миға әсерін анықтауға мүмкіндік беріп отыр. Торонтодағы Ротман зерттеу институтының зерттеушілері билингвизмнің қарттық алжудың дамуына әсерін тексерген. Олар Альцгеймер ауруына шалдыққан 211 науқасты бақылауға алады. Талдама барысында көбіне психиканың бұзылуы байқалған науқастардың жас мөлшері, еңбек өтілі, білім деңгейі мен тілдерді білуі назарда болды. 102 адам ғана қос тілді, қалғаны ана тілін ғана меңгерген болып шықты. Яғни, Альцгеймер ауруның диагнозы «біртілді» топқа қарағанда 5 жылдан кейін байқалғаны анықталды.

«Қос тілде сөйлейтін елдерде деменцияның таралуы бір тілді аймақтарға қарағанда 50%-ке төмен. Қос тілде сөйлеу қарттық алжасудан қорғамайды. Дегенмен бұл аурудың дамуына кедергі жасайды. Оны мидағы «зияткерлік қор» деп атасақ болады», – Марко Калабрия, UOC профессоры.

 

Ғалымдар: Балалар жаңа тілді тез меңгереді

- Зерттеулерге сүйенсек, мидың сол жартысы көбінесе логикалық және аналитикалық тапсырмаларға жауап береді. Ал оң бөлігі эмоция және адамдармен қарым-қатынас үшін жауапты. Ал тіл меңгеру мидың екі бөлігін де қамтиды. Кіші жаста адамның миы екі жартыға бөлінбейді. Сол себепті кішкентай балаларға жаңа тілді үйрену жеңілірек болады. Ал ересектер тіл үйрену барысында мидың бір жартысын ғана қолданады. Осылайша, кіші жаста тілді үйренген адамдар тілдің эмоциялық сипаттарын ересек кезінде үйренгендерге қарағанда жақсырақ түсінеді.

«Көп тілді үйрену пайдалы, өйткені сіз грамматика ережелері мен сөздік қорының басқа жиынтығын оқып қана қоймайсыз, ойлаудың жаңа әдісін үйренесіз. Сонымен қатар тіл арқылы өзге елдің мәдениетімен етене танысып, таным-көкжиегіңізді кеңейтесіз. Мұның бәрі ми талшықтарына өте пайдалы», – Панос Атанасопулос, Ланкастер университетінің лингвистика саласы бойынша профессоры.

Тағы бір қызық дәйек. Әлемдегі барлық тілде 800-ге жуық дыбыс бар. Әр тілде бір тілді екіншісінен ажырататын фонемалар қолданылады. Бір қызығы, нәресте құрсақта жатқанда-ақ осы 800 дыбысты ажырата алатын қабілетке ие. «Сол себепті балаға әуелі ана тілін, сосын барып өзге тілдерді меңгерткен жөн», – дейді сала мамандары.

«Нәрестенің миы бір емес, бірнеше тілді қабылдай алатын керемет қабілетке ие. Өз ана тілін өзінің анасынан артық ешбір тілдік курс меңгерте алмайды. 6 айдан 12 айға дейін монолингвалды отбасыларда өсетін балалар өз ана тілінің нағыз маманы болады. Ал 1 жасқа толғанда өз тілі мен шет тілдер дыбыстары арасындағы айырмашылықтарды ажырата біледі», – Кэтрин Пейп, логопед маманы.

Әлемде 8 миллиард адам болса, соның 3,3 миллиарды қостілді. Бұл – жер бетіндегі халықтың 43%-і екі тілде еркін сөйлей алады деген сөз.

Оның ең көбі Индонезияда шоғырланған. 200 миллион адам өз ана тілімен қоса өзге шет тілінің біреуін меңгерген. Жалпы бұған көші-қон мәселесі де әсер етеді. Мәселен, мигранттары көп АҚШ-та көпшілік сөйлейтін екінші тіл – испан тілі.

Ал жас ерекшелігі бойынша көбіне 16-24 жастағылардың 24,5%-і екі тілде жетік сөйлей алады. Ал 35-44 жастағы ересектердің тек 18,5%-і ғана қостілді.