БҰҰ Бас ассамблеясының жоғары деңгейдегі апталығы басталды

АҚШ-та БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-шы сессиясы шеңберінде жоғары деңгейдегі апталығы басталды, деп хабарлайды 24KZ.

Жиынның алғашқы күнінде әлем елдерінің бірқатар көшбасшылары сөз сөйлеп, халықаралық мәселелерге тоқталды. Өз ойларымен бөлісіп, әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ынтымақтастықты нығайтуға шақырды.

Төрткүл дүниенің назарын аударған БҰҰ-ның жоғары апталығына 130-дан астам мемлекет және үкімет басшылары қатысып жатыр. Күн тәртібіндегі негізгі тақырыптар Газа, Украина, Судан және Гаитидегі қақтығыстарға қатысты. Биылғы сессияның тақырыбы – қазіргі және болашақ ұрпақ үшін бейбітшілік, тұрақты даму және адамның қадір-қасиетін ілгерілету үшін бірлесіп әрекет етуге арналған. Жиынның шымылдығын ашқан Бас хатшысы Антониу Гутерриш геосаяси жағдайдың ушығуынан туындаған қиындықтарды әлі шешуге болатынын ескертті.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Геосаяси сын-қатерлер артып, қарулы қақтығыстар жиіледі. Көп аймақтардағы әскери қимылдарды тоқтатудың шешімі әлі табылмай отыр. Алда не боларын елестету қиын болып барады. Сол үшін біз халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп, әлемдік жүйені жаңартып, нығайтуға күш салуымыз қажет. Біз оған бірлесіп қол жеткізе алатынымызға сенімдімін.

Гутерришпен қатар өзге елдердің басшылары Қауіпсіздік кеңесінің ескіргенін және оны реформалау керектігін айтты. Себебі соңғы уақытта кеңестің беделі де төмендеп жатқанын айтты. Мінберге шыққан Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоғанды да айтпауға болмайды. Түркия президенті халықаралық қауымдастықты Изарильге қарсы нақты әрекет жасауға шақырды. Өз сөзінде ол БҰҰ-ын Газаға қатысты әрекетсіздігі үшін сынап айыптады.

Режеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:

- Менің сіздерге қояр бір ғана сұрағым бар: Газадағы адамдар адам емес пе? Палестинадағы балалардың құқықтары жоқ па? Осыдан 70 жыл бұрын халықаралық қауымдастықтың көмегімен Гитлерді тоқтатқандай, Нетаньяху мен оның жақтастарын тоқтату осы отырған бәріміздің қолымызда.

Регламент бойынша мемлекет басшыларына 15 минут уақыт беріледі. Бірақ Ердоған жарты сағаттан астам сөйлеп, Газада балалар ғана емес, БҰҰ-ның жүйесі қатар құрдымға кетіп бара жатқанын айтты. Сонымен қатар Ердоған: «Адамзаттың әділ әлемде өмір сүруге деген үміті біртіндеп сөніп жатыр», – деді. Ал Джо Байден болса БҰҰ-ның мінберінен президент ретінде соңғы сөзін сөйледі. 81 жастағы демократ: «Таяу Шығыстағы мәселені шешу үшін бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарар кез келді», – деді.

Джо Байден, АҚШ президенті:

- Газа секторында қарулы қақтығыстан мыңдаған бейкүнә жан көз жұмды. Бейбіт тұрғындардың халі өте мүшкіл. Босқан халықта есеп жоқ. Адамдар баспаналарын тастап, бас сауғалауға мәжбүр. Израиль мен Ливан арасындағы жағдай да ушығып, әлемді алаңдатып отыр. 

Айта кетейік, Палестина президенті Махмұд Аббас та БҰҰ Бас ассамблеясының жиынына қатысып отыр және оның мінберден сөйлейтін сөзі бейсенбі күнге жоспарланған. Айта кетейік, жоғары апталық қыркүйектің 28-не дейін жалғасып, 30 күні қорытындыланады.

Авторы: Талғат Алманов.