Бейжіңде халықаралық заңгерлер апталығы өтті
Бейжіңде әлемдік деңгейдегі білікті заңгерлер мен беделді ұйым өкілдерінің апталығы өтіп жатыр.
Оған қазақстандық заңгерлік компаниялар да қатысуда. Іс-шара халықаралық дауларды шешу институттары арасындағы ынтымақтастықты арттырып, өзара тәжірибе алмасуға бағытталған. Қатысушы әрбір елдің өкілі бизнеске құқықтық қолдау көрсету арқылы инвесторларды көптеп тартуға мүдделі. Жиында Қазақстанда бизнес жүргізу мүмкіндіктері де таныстырылды. Бұл бағытта Астана халықаралық қаржы орталығының соты мен Халықаралық төрелік орталығы 6 жылдан бері жемісті жұмыс істеп келеді. Бүгінгі күнге дейін 3300-ден астам іс қаралған. Оның ішінде 20 іс Қытай инвесторларына қатысты. Бұдан бөлек елімізде бизнес жүргізетін 28 елдің инвесторлары осы институтқа жүгінеді.
Кристофер Кэмпбелл-Холт, АХҚО сотының тіркеушісі және аппарат басшысы:
- Коммерциялық дауларды шешу тәжірибесін жетілдіріп, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектке қатысты тың идеялар ортаға салынды. Біздің Сотта электрондық сот жүйесі іске қосылған. Сот ісі онлайн жүргізіледі. Қазір жасанды интеллект көмегімен ағылшын және орыс тілдерінде автоматты түрде транскрипция жасауды дамытып жатырмыз. Бұл Қазақстанға келетін Қытай және өзге де мемлекеттердің инвесторларының құқықтық қауіпсіздігі мен сенімін арттырады. Олар халықаралық стандарттардың негізінде қорғалатынына сенімді бола алады. Бұл болашақта әлемнің түкпір-түкпірінен Қазақстанға инвестиция тартуға және ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға жол ашады деп үміттенеміз.