«Хезболла» өкілдері ұйым басшысы Хасан Насралланың қазасын растады

Ливандық «Хезболла» өкілдері ұйым басшысы Хасан Насралланың қазасын растады, деп хабарлайды 24kz.

Бұған дейін оның көзі жойылғаны туралы Израиль әскері хабарлаған. Олар топтың Бейрут іргесіндегі бас пәтерін әуеден соққылаған. Сол кезде ішінде ұйым басшысы болған. Хасан Насралла «Хезболланы» 1992 жылдан бері басқарып келген.

Енді шетелдік ақпарат құралдарының хабарлауынша, оның орнына туысы Хашем Сафиеддин тағайындалуы мүмкін. Ал Израиль мұнымен тоқтап қалмайтынын жария етіп, әуе соққыларын жалғастырып жатыр. Сөйтіп, кешеден бері Ливанда «Хезболланың»140 нысаны талқандалған. Ливан денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, әуе шабуылдарынан 11 адам қаза тауып, тағы 100-ден астамы жараланған.

Даниэль Хагари, Израиль Қорғаныс әскерінің контр-адмиралы:

- Хасан Насралла Израиль қарулы күштерінің әуе соққысы кезінде қайтыс болды. Ол кезде «Хезболла» басшысы бас пәтерінде Израиль халқына қарсы шабуылдар жасауға бұйрық беріп жатқан. Насралламен бірге ұйымның жоғары лауазымды командирлерінің де көзі жойылды. Израиль аймақтағы шиеленістің одан әрі ушыққанын қаламайды. Біздің алға қойған екі мақсатымыз бар. Бір жыл бойы ХАМАС мүшелері тұтқында ұстап отырған адамдарды үйлеріне қайтару және өз азаматтарымыз үшін шекарамыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.