Әлемде дене мүшелерін сақтандыратын әйгілі адамдар көбейіп барады

Қазақстанда өз өмірін сақтандыру әркімнің өз қалауы, ал шет елдерде міндетті саналады, деп хабарлайды 24kz.

Яғни, адамдар қаласа да, қалмаса да өмірін сақтандырады. Бұдан бөлек, әлемде бір қызық тренд бар. Әйгілі адамдар арасында дене мүшесін сақтандыру сәнге айналған.

Өйткені ол адамды атақты етіп тұрған осы дене мүшесі.

 

Әнші Николай Басков дауысын €4 млн-ға сақтандырған

Алысқа бармай-ақ көршілерімізден бастайық. Әнші Николай Басков 2009 жылы дауысын 4 миллион еуроға 1 жылға сақтандырған. Ол бұған тәлімгері Монтсеррат Кабалье көндіргенін айтқан болатын. Бірақ одан бері 15 жыл өтті. Ары қарай ұзартты ма әлде тоқтатып қойды ма – басқа ешқандай ақпарат жоқ.

 

Валерий Леонтьевтің аяғы $10 мың тұрады  

Тағы бір ресейлік әнші дене мүшесін сақтандырған. Қазақстандықтар жақсы білетін Валерий Леонтьев даусын емес, аяғын сақтандырған. Кейбір сарапшылар «ол концерттерде көп секіретін, сондықтан сақтандырған болар» деп топшылайды. Бірақ сомасы аса үлкен емес, 10 мың доллар. Негізі Леонтьев жарты миллион долларға сақтандырғысы келген. Бірақ бір кездері ол тізесін жаралаған екен, сондықтан сақтандыру компаниясы өзі қалаған ақшаны қоюдан бас тартқан.

 

Дэвид Бекхэм аяғын £100 млн-ға сақтандырған 

Биыл 49 мүшел жасқа шыққан Дэвид Бекхэм аяғын сақтандырған. Әлемдік футболдың жарық жұлдызының қос аяғының құны 100 миллион фунт стерлинг тұрады. Бұл біздің валютаға шаққанда 6,5 миллиард теңге. Яғни Бекхэм жарақат алғанда ғана емес, сыртқы түрі өзгерсе де, ақша алады. Өйткені ол жай ғана аяқдопшы емес, ол – модель.

 

Америкалық футболшының шашы $1 млн тұрады

Америка футболының жұлдызы Трой Поламалу да Бекхэмге еліктеп дене мүшесін сақтандырды. Бірақ қызық қылғанда, доп тебетін аяғын емес, шашын сақтандырған. Құны – 1 миллион доллар. Яғни, 480 миллион теңгеден асады. Аяқдопшы шашын 10 жыл өсірген және ешқашан қидырмаған.

 

Актриса Джулия Робертс тісін $30 млн сақтандырған

Тағы бір танымал америкалық Джулия Робертс тісін сақтандырған. Атақты актрисаның 32 тісі 30 миллион доллар тұрады. Джулия «Чарли Чаплиннің мұрты қандай әйгілі болса, менің тістерім де әлемдік кино тарихында мәңгілік есте қалар» деп үміттенеді екен.

 

Гитарашы Кит Ричардстың саусағы $1,6 млн тұрады

Аты аңызға айналған британиялық The Rolling Stones тобының гитарисі Кит Ричардс сол қолындағы ортаңғы саусақты 1 миллион 600 мың долларға сақтандырған. Әріптестері негізі бұл саусақ оған аспапта ойнау үшін емес, концертте көрерменге нұқып көрсету үшін керек дейді.

 

Әлемде сақтандыру сыйақысы өсіп барады

Кейінгі ақпарат бойынша әлемде сақтандыру компаниялары 5 триллион 600 миллиард еуро сыйақы тапқан. Бұл – рекордты көрсеткіш. Дүниежүзі бойынша адамдар өмірін, денсаулығы мен мүлкін көптеп сақтандыруға көшкен. Бұл туралы Германияның сақтандыру саласын шолу жасайтын «Алианс» компаниясы мәлімдеді. Сақтандыру бойынша АҚШ пен Еуропа елдері көш бастап тұр. «Алианс» компаниясы алдағы уақытта сақтандыру көлемі жылына орташа алғанда 5-6% өсіп отырады болжайды.

Құдайдың өзі «Сақтансаң, сақтаймын» дейді.