Кореяда 80 жастағы әже «Әлем аруына» қатысты
Біріккен Ұлттар Ұйымының есебі бойынша қазір әлемде 700 миллионнан астам қарт бар.
Ал 2050 жылға қарай қариялар саны 2 миллиард адамға жетеді деген болжам айтылады.
2026 жылдан кейін дүниежүзіндегі 6 адамның біреуі егде адам болмақ. Мамандар: «Қариялар әлем халының 20%-не жетеді», – дейді.
Қарттық – бұл адамзат құтыла алмайтын өмір кезеңі. Сондықтар мамандар: «Қариялыққа қынжылмай, керісінше, оған дұрыстап дайындық жасау керек», – дейді.
Қазір әлемде шамамен 8 миллиард 200 миллион адам бар десек, солардың ең жасамысы 112-де. Ол – Британияда тұратын Джон Тиннисвуд. Ол бұл атаққа венесуэлалық замандасы Хуан Висенте Перес Мора 114 жасында көз жұмғаннан кейін ие болып, Гиннес рекордтар кітабының жаңа кейіпкеріне айналды. Джон ақсақал Титаник суға батқан жылы өмірге келген. Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері. Қазір Саутпорт қаласындағы қарттар үйінде тұрады. Әлі күнге дейін жүреді және радио тыңдайды.
Джон Тиннисвуд, Саутпорт қаласының тұрғыны:
- Ұзақ не қысқа өмір сүруің негізі саған байланысты емес. Бұл пешенеге жазылады. Өзім жас кезімнен белсенді болдым, көп жаяу жүрдім, ешқашан темекі тартпадым. Менде бір арнаулы диета жоқ. Маған не береді, соны жеймін.
Кореяда 80 жастағы әже «Әлем аруына» қатысты
Әлемдегі ең қарт сұлу Оңтүстік Кореяда тұрады. Әрине, әжелердің бәрі әдемі. Біз ресми сайысқа қатысып жатқан апа туралы айтып тұрмыз. 80 жастағы Чой Суе Хуа «Әлем аруы» байқауында бақ сынауға бел буған. Бұл сайыстың шартында жас шектеуі жоқ екен. Осылайша кейуана: «Халқы жылдам қартайып жатқан елде қариялардың да қызықты да әдемі өмір сүре алатынын және арманы таусылмайтынын көрсеткім келеді», – дейді.
Чой Сун Хуа, «Әлем аруына» қатысушы:
- Ұлым басында: «Анашым, ол жарыста сізге не бар?», – деді. Кейін «Жақсы, қатыссаңыз қатысыңыз», – деп қолдады. Кеше байқауға суреттерімді жібердім. Қабылдап жатыр. Қуанышымда шек жоқ. Бойыңызда талантыңыз болса, тартынбау керек деп есептеймін. Үлкен буын белсенді болуымыз керек.
Йаң Сун Мук, Сеул тұрғыны:
- Оңтүстік Кореяда кейінгі кездері қариялар жаңа тренд бастап жатыр. Сән іс-шараларына, ток-шоуларға белсене қатысып, жарнамалық бейнебаяндарға түседі.
Қытайда қарттарға қызмет көрсету орталығы бар
Қытайда қарттарға арналған инновациялық қызмет көрсету орталығы ашылды. Онда егде кісілер үшін барлық қолайлы жағдай жасалған. Ауласында кедергісіз автотұрақтар, іште ыңғайлы орындықтар, жедел жәрдем шақыру батырмасы бар. Ешкім кезекте тұрмайды. Жасы 80-нен асқан немесе жүріс-тұрысында кінәраты бар қариялардың жанында көмекшілер жүреді. Қажет шаруаны бұл жерге келмей-ақ, үйде отырып та онлайн тындыруға болады.
Уаң Чжаоюн, зейнеткер:
- Күйеуімнің құлағы дұрыс естімейді. Баламыз жоқ. Үйден мүлде шыға алмаймыз. Мына орталық жақсы болды. Қашықтан бүкіл жұмысымызды істеп берді.
Ғалымдар: «Қарттыққа қамдану керек», – дейді
Арнаулы орталықтардың болғаны, әрине, жақсы, бірақ мамандар «қарттыққа қамдану керек» деген кеңес айтады.
Анна Бейкер, Клемсон университеті психология профессоры:
- Көп жағдайда жасы ұлғайып, қарттыққа жақындаған адамдарда күйзеліс басталады. Жасы 65-тен асса, болды, сары уайымға бой алдырады. Адамдар зейнеткерлікке лайық түрде дайындық жасамайды. Жасы 65-тен аса бастағанда «Өмірім бітті, мен үшін ештеңе қызық емес, далада қалдым» деген теріс ойлардың жетегіне ілеседі. Қариялық тіршіліктің заңы ғой. Оны дұрыс қабылдап, қарттыққа қамданған дұрыс.
Ғалымдар «сақалға ақ түсті, көңілге дақ түсті» деп мерзімінен бұрын берілмеуге шақырады. «Ең әдемі, ең ерікті, қалағаныңызға қызықты да мазмұнды сүретін өмір зейнетке шыққаннан кейін басталады», – дейді білгірлер.