Корея киберқауіпсіздікке жұмсалатын қаржыны ұлғайтады

Оңтүстік Кореяда киберқауіпсіздік саласындағы зерттеулер мен әзірлемелерге жұмсалатын шығындар артып келеді.

2025 жылы бұл мақсаттарға бюджеттен 212 миллиард вон бөлінеді, бұл 160 миллион 618 мың АҚШ долларына тең. Яғни биылғы жылмен салыстырғанда 11 пайызға көп.  

- Оңтүстік Корея үкіметі киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге бөлінген бюджет қаражатын қайда жұмсауды жоспарлап отыр?

- Оңтүстік Кореяда киберқауіпсіздікті кім бақылайды?

Владислав Цой, тілші:

Қайырлы күн, үкімет есебінде айтылғандай: 212 миллиард вон ғарыш және жаһандық жеткізу тізбектері сияқты жаңа өнеркәсіп салаларындағы киберқауіпін анықтау және оларға әрекет етуге жұмсалады. Бұл шығындар жыл сайын артып келеді, өйткені Оңтүстік Кореяның веб-сайттары кибершабуылдарға жиі ұшырайды. 2019 жылы бұл елде ұлттық киберқауіпсіздік стратегиясы қабылданды. Ондағы басты бағыттардың бірі - Солтүстік Корея тарапынан болатын киберқауіптерге қарсы шаралар. Атап айтқанда, инфрақұрылым жүйелерін қорғау, ядролық және зымырандық бағдарламаларды қаржыландыруға арналған виртуалды активтерді ұрлауға қарсы күрес және жалған ақпараттың таралуына жол бермеу. Виртуалды кеңістікте киберсоғыстар қызу жүріп жатыр. Әрбір соғысушы тараптың қарсыластары мен одақтастары бар. Оңтүстік Корея Ұлттық киберқауіпсіздік стратегиясында бұл одақтастар көрсетілген – олар АҚШ, Жапония және Ұлыбритания. Сондай-ақ, Сеул Үнді-Тынық мұхиты аймағының елдерімен және НАТО-ға мүше елдермен киберсеріктестікті нығайтуды көздеп отыр. Сонымен қатар, үкімет кибершабуылдарды анықтау және олардың алдын алу үшін жасанды интеллект және блокчейн сияқты озық технологияларға инвестицияларды ұлғайтады.

- Оңтүстік Кореяда киберқауіпсіздікті кім бақылайды? 

Владислав Цой, тілші:

- Бұл мемлекеттік орган - ұлттық барлау және ақпараттық қауіпсіздік индустриясы агенттігі деп аталады. Ол 4 деңгейдегі киберқауіпін жариялайды. Олар «Назар аудару», «Ескерту», «Қауіп күту» және «Қауіптілік». Жақында бұл деңгей «Ескертуден» ең төменгі «Назар аудару» деңгейіне дейін төмендетілді. «Ескерту» деңгейі екі ТМД елдері арасындағы қақтығыс басталғаннан кейін 2022 жылдың наурыз айында жарияланған болатын. Осы деңгейде барлық мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар қауіпсіздік шараларын күшейтуі керек. Оңтүстік Корея үкіметі кадрларды даярлауға ерекше көңіл бөледі. Мұнда 22 жылдан бері ақпараттық қауіпсіздік бойынша жастар фестивалі өткізіліп келеді. Онда жоғары сынып оқушылары өз идеялары мен жобаларын ұсынады. Ең үздік идеялар назарға алынып, олардың иелері маман ретінде даярланады. Мемлекеттік жоспар бойынша 100 мың киберталант анықталмақ. Оңтүстік Кореяда кадрлық мәселелердің дұрыс жолға қойылғанын осы елдің IT-мамандары үш рет АҚШ-тағы Defcon халықаралық хакерлер байқауында жеңіске жеткенінен аңғаруға болады. Сонымен қатар, Женевадағы Халықаралық электр байланысы одағы жариялаған халықаралық «Киберқауіпсіздік индексінде» Оңтүстік Корея 194 елдің ішінде ең жоғары баға алды. Сонымен қатар ең жоғары 100 ұпайды Англия, Дания, Италия, Финляндия, Түркия, Индонезия, Біріккен Араб Әмірліктері, Катар, Сауд Арабиясы, Египет және Маврикий де иеленді.