Израиль Ливанға кезекті әскери дивизиясын жіберді
Израиль әскері Ливанның оңтүстігіне екінші әскери дивизиясын аттандырды.
Олар "Хезболлаға" қарсы құрлықтағы операцияға қатысып жатқан дивизияға қосылады. Бұл операция 30-қыркүйекте басталған еді. Еврей елінің қарулы күштері оны өте қысқа мерзім ішінде жүргузіге ниетті. Олар ел астанасы Бейрутке не басқа да ірі қалаларға кірмейтінін жеткізді. Тек көрші елдің оңтүстік шекарасындағы ауылдарда "Хезболла" ұйымының инфрақұрылымдарын ғана көздейтінін айтты. Осы ретте Израиль әскері Ливанда шекараға жақын орналасқан ондаған елді мекен тұрғындарын қауіпсіз жерге көшуді ескертті. Еврей елінің жауынгерлері Бейруттегі "Хезболла" нысандарын соққылауын жалғастырып жатыр. Ливанның денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, кейінгі тәулікте 55 адам көз жұмып, тағы 160-қа жуығы жараланған. Жалпы Израиль әуе шабуылдарын бастағалы 2 апта ішінде Ливанда мыңнан аса адам қайтыс болған. Арасында балалар мен әйелдер бар.